Ұстаз – мемлекетіміздің өркениетті даму саясатының мектептегі насихатшысы. Ол өзінің ісімен де, сөзімен де, жүріс-тұрыс мәдениетімен де, мектепке және мектептен тыс қоғамда Тәуелсіз еліміздің эталондық бейнесі болып табылады. Сондықтан да мұғалімнің оқу-әдістемелік, әлеуметтік-материалдық жағдайын жақсарту жолымен оның беделін мүмкіндігінше арттырып отыру – мемлекетіміздің білім беру саясатындағы негізгі басымдықтардың бірі болуға тиіс деп ойлаймын.
Бұл орайда мемлекетіміз мектеп мұғалімдерінің рөлін көтеруде жан-жақты қолдау көрсетуге білім саясатында басымдық береді. Ұстаз беделін қоғам алдында көтеру үшін Елбасының тікелей өз Жарлығымен еліміздегі ең жоғары марапат — Қазақстанның Еңбек Ері атағы мен «Алтын жұлдыз» белгісі және «Отан» ордені ең бірінші ұстазға берілді. Мұның өзі – мектеп мұғалімінің еңбегі елімізде ардақты да жоғары құрметтелетінінің айғағы.
Мұғалім беделі негізінен, ішкі субъективтік және сыртқы объективтік факторлардан түзілмек. Ішкі субъективтік факторлар дегеніміз – мұғалімнің өз басының педагогикалық қызметіне көзқарасы, оның қатынасы, мінез-құлқы, жеке мәдениеттілігі, білімділігі, іскерлігі, ұйымдастырушылық қабілеті, мейірімділік пен жанашырлық қасиеттері және шығармашылық еңбегі мен жаңашылдық ізденістері. Сыртқы объективтік факторларға, біріншіден, мектеп ішінде мұғалімнің дұрыс еңбектенуіне жасалынатын оқу-материалдық, оқу-әдістемелік, әкімшілік-ұйымдастырушылық жағдайлар мен мектепішілік психологиялық-педагогикалық ахуал, т.б. көздер жатса; екіншіден, мектептен тыс факторлар деп мұғалімнің жалақысы, мұғалімдік істі марапаттау, мұғалімдерге мемлекеттік атқару органдарының жан-жақты қолдау көрсетуі, бұқаралық ақпарат құралдары арқылы жүргізілетін үлгі насихаттар, ата-аналарының көзқарасы, т.б. айтамыз. Бұл екі фактор өзара тығыз байланысты.
Ендігі жерде Тәуелсіздігіміз жан-жақты орнығып, еліміздің экономикасы өрлеуге бағыт алған тұста ұстаздар қауымы мемлекеттік бюджет тарапынан өзге жергілікті басқару ұйымдарынан да материалдық қолдауын қажет етіп отыр. Мұғалімдердің жалақысын арттыру стратегиясы елімізде белгіленген, енді батыл жаңа қадамдар жасау жолдарын ойластырған жөн ғой деп ойлаймын. Жаңаша оқытуды жүзеге асыратын негізгі күш – жас мұғалімдер. Ал жас мұғалімдерді қазір мектепке тарту және оларды мектепте ұстау өте қиын. Себебі, олардың жалақысы өмір сүру қажеттері үшін жеткіліксіз. Жас мұғалімдердің басқа жұмысқа ауысып кетуін тежеу үшін шұғыл түрде аттестациялау шараларына өзгеріс енгізу керек деп ойлаймын. Мысалы, он жылға дейінгі педагогикалық өтілі жоқ ұстаздарға тұрақты түрде жоғары жалақы төленетіндей мүмкіндік жасау қажет. Ал он жылдан кейінгі қосымша жалақының өсу шарттары бюджетке қатысты анықталса. Қазіргі жалақыны есептеу және белгілеу тәртібінде жиырма жылдан кейінгі жұмыс өтілі ескеріле бермейді. Жас мұғалімдер үшін қазірден, бүгіннен бастап күреспесек, ертең бес-он жылдан соң мектептерде мұғалімдер қазіргіден де тапшы болары сөзсіз.
Мысалы, жоғары білімді жас маманға белгілі бір аттестациялық мерзім өткенше, жалпы санатта 54 506,76 теңге тағайындалады, одан тыс, табыс салығына, зейнетақы қорына аудару үшін біршама ұстап қалады. Сонда жалақысы жетер-жетпес жас мұғалімдер қалай өмір сүруі керек? Қаладағы қазақ мектебінде ауылдан келген жастар сабақ беретінін ескерсек, олардың басында баспана да жоқ. Сол мұғалім өліп-өшіп жүріп 3-5 жылдан кейін санатқа жеткенде, бастапқы жалақысы бар болғаны 10 000 теңгеге артады, яғни 64 506 теңге болады. Бұл көрсетілген кейбір мысалдар қазіргі күнде мұғалім жалақысының негізін құрайды. Ал оған қосылатын қосымша төлемдер тіптен ауызға алуға ұят мөлшерде. Мысалы, дәптер тендеуге 3 139 теңге, сынып жетекшілігіне 5 309 теңге төленеді. Мұндай жағдайда мұғалім тарифтік мөлшердегі 18 сағатпен шектеліп қалғысы келмейді. Тіпті ол 9, 18 сағатқа дейін қосып алуға құштар. Бірақ бұл ұстаздың сапасына жүктеме ауырлығынан нұқсан келтірмей қоймайды.
Сондай-ақ, мұғалім еңбегінің мемлекеттік деңгейдегі «Білім беру ісінің үздігі», Ы.Алтынсарин атындағы медалі, т. с.с. марапаттар қаржылық түрде де бекітілсе деп ойлаймыз. Яғни, ол марапаттар иелеріне өз деңгей-дәрежесіне қарай айлық жалақыларына қосымша ақша беріліп отырса, нұр үстіне нұр болар еді.
Мұғалім беделінің артуына ықпал ететін бір мәселені айтпай кетуге болмайды. Ол – мұғалімнің білімділігі. Бұл әсересе, жас буын ұстаздарға қатысты. Әрине, жас педагогтар арасында терең білімді, озық ойлы, шығармашыл талпынысы үлкен кадрлар аз емес. Дей тұрғанмен, педагогикалық оқу орындарынан келген жас мұғалімдердің біліктілігін, атап айтпағанда, білімінің өзі қазіргі мектеп талабын қанағаттандыра алмайтынына жанымыз ауырады. Оның себептері де көп шығар. Бірақ сол себептердің ішінде, біздіңше, ең бір елеулісі – педагогикалық оқу орындарына негізінен, «ҰБТ» жүйесі бойынша 50-60 балл жинаған түлектер алынып жататыны ақиқат. Ал ондай студент мектепке келу үшін емес, жай ғана базалық білім бар деген диплом алу мақсатын көздейтіні де белгілі. Міне, болашақ мұғалім болатындарды нағыз білімді түлектер арасынан іріктеп таңдау мәселесі бір шешімін тапса деп тілейміз. Егер, мұғалімнің жалақысы дұрысталса, мұғалім тапшылығы емес, мұғалімдікке орын таппай жүрер едік. Жас мұғалімдер үшін баспана мәселесі де аса зәру болып отырғаны аян. Әсіресе, қала мектептеріне келетін жас педагогтар, негізінен, ауылда өсіп-өнгендер. Қалада баспанасы жоқ оларға пәтер кезексіз коммуналдық жүйеде берілсе. Мұның өзі мұғалім беделінің артуына және сапалы жастардың мектепке жұмысқа келуіне серпін жасар еді.
Мұғалім беделі туралы қоғамдық-көпшілік ақпараттарды таратушы құралдардың бірі – басылымдар мен теледидар арналары. Алайда телеарналар кейінгі кезде еліміз мектептеріндегі жасампаз табыстардан гөрі, көбінесе ондағы кездейсоқ келеңсіз көріністерге ойысып бара жатқандай. Әрине, қолымыздағы бес саусағымыздың бірдей еместігі сияқты, білім саласында, ұстаздар тарапынан келеңсіз жағдайлар мүлде жоқ деп айта алмаймыз. Дей тұрғанмен, кейбір хабарларда мұғалім азғын, бұзақы, жегіш, білімсіз, ұстаз атағына лайық емес біреулер болып көрсетіледі. Мектептердің көбіне кемшілік жағын көрсету көбейіп бара жатқандай, меніңше. Әрине, телеарна бағдарламаларына біз сын айту ниетінде емеспіз. Бірақ телеарналар көпшілікке пікір таратушы болса, көпшілік те ол туралы өз пікірін, өз бағасын айтуға тиіс деп ойлаймыз. Мұны айтып отырған себебім, келешекте теледидар қызметкерлері мұғалім беделін көтеретіндей жақсы телехабарларға көбірек мән берсе нұс үстіне нұр болар еді. Бұл айтылғандар түптеп келгенде, мектепте берілетін білім сапасына және мұғалім беделіне тікелей қатысты.
Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні – қандай қиындық болса да, мұғалімдер азаматтық ұжданын сақтайды. Егер азаматтық ұжданды Шәкәрім айтқандай түсінсек, әр адамда «Нысап, әділет, мейірім – үшеуін қосып айтқанда, ұждан бар». Қазіргі мектепті ұстап тұрған осы нысап, әділет, мейірім. Мұғалімдеріміздің бойындағы осы ұжданды бекіте түссек, олар еліміз межелеп отырған қандай міндеттерге болса да жас ұрпақты дайындау ісінде аянбай еңбек ететініне кәміл сенеміз.
Аягүл МИРАЗОВА,
Қазақстанның Еңбек Ері
АЛМАТЫ