Фото: Инга Иманбайдың Facebook-тегі парақшасы
Бұл туралы құқық қорғаушы Инга Иманбай өзінің Facebook парақшасында жазды. Оның айтуынша, мерзімді қызметтегі сарбаз бүгін, 27 қыркүйекте таңғы сағат сегізде Астанадан Стамбұлға ұшып кеткен.
"Ербаян Стамбулға жолға шықты. Ұшақ бүгін таңғы сегізде Астанадан ұшты. Бұл күнге жету де оңайға соққан жоқ. Тоқтаусыз күрес, талмай еңбекпен келді. Бастысы, кеңпейіл халқымыздың мейірімі мен жанашырлығының жемісі.
Ербаян, мықты бол! Бұл жартылай жеңіс! Бұйырса үлкен жеңістер алда. Сенің бар өмірің алда. Аман-есен елге өз аяғыңмен оралуыңды күтеміз", - деп жазды Инга Иманбай.
Еске сала кетсек, шамамен он күн бұрын Ербаянның әкесі Хамит Аймағамбетов баспасөз конференциясында мерзімді қызметтегі сарбазды емделуге қашан жіберетіні туралы сұраққа жауап берген еді.
Ол кезде Хамит Аймағамбетовтің айтуынша, құжаттарын жинауда қиындықтар болған және ұлының жағдайы бұл әрекетті жүзеге асыруға мүмкіндік бермеген.
Айта кетейік, өткен жылдың желтоқсан айында Алматы қаласының 5571 әскери бөлімінде Ұлттық ұланның мерзімді қызметтегі сарбазы Ербаян Мұхтар бас сүйек-ми жарақатын алып, комаға түскен. Әскерилер отбасына оның дәретханаға құлап, басын плитаға ұрғанын хабарлады. Туыстары бұл нұсқамен келіспеген.