Ауыр атлетикадан Сауд Арабиясының Джидда қаласында өтіп жатқан жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионатында Қазақстан командасы алғашқы медалін жеңіп алды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Olympic.kz сайтына сілтеме жасап.
Ерлер арасында 102 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде сынға түскен Рахат Бекболат әлем чемпионы атанды. Ол жұлқа көтеруде 155, серпе көтеуде 200 келіні бағындырды. Қоссайыс қорытындысы бойынша 355 келіні еңсерді.
Күміс медальді түркиялық Танер Чаглар (337 келі), қоланы Ирак өкілі Али Аммар Рубаяши (334 келі) иеленген.
Айта кетейік, бұл - Рахат Бекболаттың жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионатында иеленген екінші алтыны. Бұған дейін ол Ташкентте өткен әлемдік додада 377 келіні бағындырып, жеңімпаз атанған болатын.
Спортшы 2004 жылы 14 қаңтарда Қызылорда қаласында дүниеге келген. Қазақ гуманитарлық заң жəне техникалық колледжінің студенті. Ауыр атлетикадан ҚР спорт шебері. Жастар арасында ҚР құрама команда мүшесі.