13 жел, 2022 сағат 12:44

Ауыр атлетика ӘЧ: Қазақстан екінші медалін жеңіп алды


Қазақстандық Нұрғиса Әділетұлы ауыр атлетикадан Колумбияның Богота қаласында өтіп жатқан әлем чемпионатында күміс медальға ие болды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

96 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде бақ сынаған отандасымыз қоссайыс қорытындысы бойынша 383 келі (174+209) көтерді.

Ал, әлем чемпионы атағын Бахрейн атынан шыққан колумбиялық Лесман Паредес жеңіп алды. Ол қоссайыста 397 келіні (жұлқа көтеруде – 185 кг, серпе көтеруде – 212 кг) бағындырды.

Қола жүлдені 380 келі (171+209) көтерген колумбиялық Джор Морено иеленді.

Айта кетері, бұл - әлем біріншілігінде Қазақстан қоржынына түскен екінші медаль. Бұған дейін 73 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде Алексей Чуркин "қола" жеңіп алған болатын.