19 қаз, 2017 сағат 16:11

«Ауылым – алтын бесігім» өңірлік байқауы аяқталды

Мемлекет басшысының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыруға бағытталған «Ауылым – алтын бесігім» атты ауылдық мәдениет үйлері мен клубтары арасында өткен облыстық конкурстың жүлдегерлері кешенді дыбыс аппаратуралары мен әрқайсысы 300 мың теңгеден ақшалай сыйлыққа ие болды. Марапаттау салтанаты Талдықорған қаласындағы І. Жансүгіров атындағы Мәдениет сарайында өтті. Жеңімпаздарды облыс әкімі Амандық Баталов құттықтады.

Конкурс қатысушыларын құттықтаған облыс әкімі А. Баталов:

- Халқымыздың мәдени әл-ауқатын арттырмай, толыққанды ел болу қиын. Барлық өнердің бастауына айналған ауыл мәдениетінің болашағы – қазақ елінің рухани кемелденуі.  Сол себепті ауыл жұртшылығына деген көмегімізді аямай, қолдау таныту – біздің басты міндетіміз. Жыл сайын өтетін Мәдениет күндерін өткізу форматы биыл өзгертіліп, ауылдық мәдениет үйлері мен клубтары қамтылды. Бұл байқауға ауылдардағы 33 мәдениет нысаны қатысты, олардың барлығына да сыйлықтар беріледі. Әр ауылда, әрбір елді мекенде үлкендер үшін де, жастар үшін де клубтардың, мәдениет үйлерінің болғаны маңызды. Сол мақсатта жұмыс жүргізіп келеміз. Облыстағы мәдениет нысандарының күрделі жөндеу жұмыстары мен жобалық-сметалық құжаттарын әзірлеудің өзіне ғана 1,1 млрд. теңге бөлінді. Алдағы уақытта да бірлесіп атқарған істеріміз жемісті болсын! Мәдениетімізді, баға жетпес өнерімізді насихаттау жолындағы еңбегіміз еселене берсін, - деді өз сөзінде.

Байқау қорытындысы бойынша 8 ауылдық мәдениет үйі жеңімпаз деп танылып, әрқайсысына 300 мың теңгеден ақшалай сыйлық сертификаты мен кешенді дыбыс аппаратуралары берілді.

Салтанатты рәсім барысында қатысушылардың барлығы да марапатталып, сыйлықтарға ие болды. Мәселен, 10 ауылдық мәдениет үйі мен клубтарға дыбыс аппаратурасы сыйға тартылса, қалған 15-іне  барлық қосалқы құрал-жабдықтарымен бірге компьютерлер тарту етілді. Сөйтіп, конкурстың барлық қатысушыларына мәдениет нысандарының жұмысын жақсартуға, материалдық-техникалық базасын нығайтуға бағытталған сыйлықтар берілді.

Шара барысында конкурсқа қатысушылардың үздік нөмірлерінен дайындалған гала-концерт ұсынылады.

Атап өтсек, Алматы облысында 563 мәдениет нысаны мен архив бар. Биылғы жылы мәдениет саласының бюджеті 8,3 млрд. теңгені құрады. Қазіргі кезде Сарқан аудандық мәдениет үйі, Жамбыл ауданы Мыңбаев ауылындағы, Сарқан ауданы Бақалы ауылындағы ауылдық мәдениет үйлері, Талдықорған қаласындағы мемлекеттік архив ғимаратына күрделі жөндеу жүргізіліп, сол сияқты 5 мәдениет нысанының жөндеу жұмыстарының жобалық-сметалық құжаттары дайындалуда.