29 қар, 2017 сағат 14:46

Ауылдағы дарындылар мектебі

"Ауыл мектебінде дарынды балалармен жұмыс жүргізу". Бұл — республикалық семинарға түйткіл болған тақырып. Әрі ауылда талқыланды. Білікті мамандар Қазығұрт ауданындағы Жамбыл Қаппаров атындағы №5 мамандандырылған физика-математикалық мектеп-интернатқа жиналды, деп жазады otyrar.kz.

Бұл білім ордасы республика бойынша үздік 10 мектептің қатарына кіреді. Мектеп түлектері жыл сайын үздік көрсеткішке қол жеткізіп келеді. Осы үздік білім ордасында өткен семинарда ұстаздар ауыл балаларын тәрбиелеудегі құпияларымен бөлісті.

Ауылдағы дарындылар мектебі

Қатаң білім сынағынан сүрінбей өткен оқушыларға ғана есік ашатын білім ордасындағы шәкірттер ғылым саласында да өз сүрлеуін айшықтап жүр. Оқушылар өздері ойлап тапқан тың жаңалықтарын семинарға қатысушылардың назарына ұсынды. Мақтаулы оқу ордасының түлектері жыл сайын ұлттық бірыңғай тестілеуде дәстүрлі түрде жоғары көрсеткішке қол жеткізіп, толықтай мемлекеттік грант иегері атанады. Озық технологиялармен жабдықталған мұндай білім ошағы облыс орталығының өзінде некен-саяқ…

Абзал Әуезов, 10 сынып оқушысы: «Менің жұмысым — қазіргі таңда кеңінен қолданылатын су электр құрылғысы. Елімізде де кеңінен қолданылуда. Ақбура өзенінің суынан осы генераторларды қуаттандырып, батареяларға жинап, әр үйді, көшені жарықтандыратын болады. Болашақта әр үй табиғи түрде таза өнім арқылы электр қуатымен жарықтандырылатын болады.»

Ауылдағы дарындылар мектебі

Білім бесігі оқушылардың жан-жақты дамуы үшін заманауи озық технологиямен түгелдей жабдықталған. Семинар аясында ұстаздар өз тәжірибелерімен бөлісіп, ашық сабақтар өтті. Біліктілігі жоғары ұстаздар үшін мұнда толық жағдайы жасалған коттедждер де салынған.

Жаңабай Ахметов, Ж. Қаппаров атындағы №5 мамандандырылған физика-математика бағытындағы мектептің директоры: «Мектебіміз — еліміздегі бірден-бір кішкене ғана ауылында орналасқан дарын мектебі. Ауылда орналасқан мектептің жағдайы қандай екен деген сияқты күмән болуы мүмкін. Бүгін соны бәрі де көрді. Мұндағы оқып жатқан оқушылардың білім сапасы да, мұғалімдердің біліктілігі де қалалық дарын мектептерінен бірде бір кем емес. Биылғы оқу жылының қорытындысы бойынша 52 оқушымыз мектеп бітіріп, 12-сі «Алтын белгіге», 12-сі үздік аттестатқа бітірді. 52 оқушының 50-і еліміздегі ең таңдаулы оқу орындарында білім алуда».

Күмісбек Әбиұлы, Сарыағаш ауданындағы №4 мамандандырылған мектеп интернатының директоры: «Мұнда оқушыларға бар жағдай жасалған. Барлық кабинеттерді аралап көрдік. Балалардың робот-техникасынан, басқа да пәндерден жасаған еңбектері орасан. Балаларды жақсы дайындап жатыр. Бұл мектеп талантты, ертең жарып шығатын, елді жақсылыққа бастайтын балаларды тәрбиелеп жатыр».

Ауылдағы дарындылар мектебі

Мектеп әкімшілігі алдағы уақытта түлектерді әлемнің маңдайалды оқу орындарының студенті атануына мүмкіндік беретін халықаралық бакалавриат ұйымының оқу бағдарламаларын енгізуді жоспарлап отыр. Электронды оқыту жүйесін де қолға алмақ. Бұл, өз кезегінде, оқушылардың білімін одан әрі дамытуға сеп болары сөзсіз.

Мақпал Рысбаева