Фото: ашық дереккөз
ҚР Денсаулық сақтау министрлігі шалғай аймақтардағы халықтың сапалы медициналық қызметке тең қолжетімділігін қамтамасыз ету мақсатында «Онлайн медицина» пилоттық жобасын іске қосты, деп хабарлайды Ult.kz.
Жоба аясында телемедициналық технологиялар енгізіліп, үздік мамандардың қатысуымен диагноздар нақтыланып, уақтылы ем тағайындалады.
Пилоттық жоба Ақмола, Ақтөбе, Алматы, Атырау, Жамбыл, Батыс Қазақстан, Қарағанды облыстарында және Астана қаласында жүзеге асырылады. Оған әртүрлі деңгейдегі 100 медициналық ұйым қатысып отыр. Үйлестіруші – Салидат Қайырбекова атындағы ұлттық ғылыми денсаулық сақтауды дамыту орталығы.
Күтілетін нәтижелер:
-
ауылдық өңірлерде медициналық көмектің сапасы мен қолжетімділігін арттыру;
-
консультациялар мен емдеуді күту уақытын қысқарту;
-
халықтың денсаулық көрсеткіштерін жақсарту;
-
тұрғылықты жеріне қарамастан медициналық қызметке тең қолжетімділікті қамтамасыз ету.
«Онлайн медицина» жобасы денсаулық сақтау жүйесін цифрлық трансформациялаудың маңызды кезеңіне айналмақ. Бұл ауыл тұрғындарына өз ауданынан шықпай-ақ дәрігерлердің кеңестерін алуға және тексерулерден өтуге мүмкіндік береді.
