Фото: Ақорда
Президент Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаровты қабылдады, деп хабарлайды Ult.kz.
Кездесу барысында Мемлекет басшысына аграрлық саланың 2024 жылдың он айындағы даму қорытындысы ұсынылды. Министрдің айтуынша, негізгі макрокөрсеткіштер бойынша оң динамика байқалған.
Өндіріс және экспорт өсімі
Айдарбек Сапаров есепті кезеңде ауыл шаруашылығы өнімдерінің жалпы көлемі 8,1 триллион теңгеге жетіп, өткен жылмен салыстырғанда 5,4% артқанын атап өтті.
Азық-түлік өндірісі 9% өсіп, 3,1 триллион теңгеге жетті.
Агросектор тауарларының экспорты 4,7 млрд долларға дейін ұлғайған.
Саланы қолдау шаралары
Соңғы екі жылда агроөнеркәсіп кешенін дамыту үшін бірқатар жүйелі шаралар қабылданған.
Соның ішінде:
– Айналым қаражатын толықтыру және ауыл шаруашылығы техникасын лизингке алу үшін 5% мөлшерлемемен тікелей несие беру басталды;
– Президент тапсырмасы бойынша агросекторды қаржыландыру көлемі 1 триллион теңгеге дейін артты. Оның 250 млрд теңгесі техникаға жеңілдетілген лизингке бағытталған;
– Биыл 25 мыңнан астам техника сатып алынып, машина-трактор паркінің тозуы 90%-дан 70%-ға төмендеді;
– Мал шаруашылығын дамытудың кешенді жоспары дайындалып жатыр;
– «е-АӨК» бірыңғай цифрлық экожүйесін құру жұмыстары басталған. Платформа субсидиялау, жер қоры, егін, мал және балық шаруашылығына қатысты мәліметтерді бір арнаға біріктіреді.
Президенттің тапсырмалары
Қасым-Жомарт Тоқаев ауыл шаруашылығы еңбеккерлерінің форумында берілген тапсырмалардың сапалы орындалуының маңызын атап өтті.
Мемлекет басшысы саланың тиімділігін арттыру, агросектордың тұрақты дамуын қамтамасыз ету және елдің азық-түлік қауіпсіздігін күшейту бағытында бірқатар нақты міндет жүктеді.
