17 қар, 2023 сағат 17:14

Ауыл мектептеріне сапалы интернет қашан жетеді – министрлік мерзімін атады

Фото: arbuztoday.ru

Биыл қазан айында 10 мектепте "Қолжетімді интернет" пилоттық жобасы іске қосылды. Алдағы уақытта тағы 2 000 мектеп жылдамдығы кем дегенде 100 Мбит/с болатын интернетпен қамтамасыз етіледі. Бұл туралы Цифрлық даму, инновациялар және ғарыш өнеркәсібі министрлігінің сымсыз байланыс жобаларды дамыту және мониторингілеу басқармасының басшысы Олжас Қабенов мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.

Бүгінде халықаралық электрбайланыс одағының нақты ұсыныстары бар. Онда білім мекемелері үшін желінің жоғары және төменгі көрсеткіштері белгіленген. Әкімдіктер мектептердегі интернеттің жылдамдығы соған қаншалықты сай келетінін тексеріп шықты.

"Мәселен, мектепте оқушылардың саны 400 адамға дейін болса, онда интернеттің ең төменгі жылдамдығы секундына 20 Мбит болуы керек. Дегенмен барлық мектепте желінің жылдамдығы кем дегенде секундына 100 Мбит болғаны дұрыс. Цифрлық даму министрлігі де бұны ең төменгі көрсеткіш ретінде анықтады. Дәл осы талапқа сай келмейтін мектептер бар. Олардың саны – 2 000", - деді Қабенов бүгінгі брифингте.

Алдағы уақытта сол мектептер де "Қолжетімді интернет" жобасы аясында жоғары жылдамдықты интернетпен қамтамасыз етіледі.

"Әзірге 10 мектепте қазан айында "Қолжетімді интернет" ұлттық жобасы аясында пилоттық режимде жылдам интернет қосылды. Біз техникалық мәселелерді анықтап, заң нормаларын тексеріп шығамыз. Пилоттық жоба желтоқсан айының соңына қарай іске асырылады, бәрі тегін болады", - деп атап көрсетті басқарма басшысы.

Ал "Қолжетімді интернет" ұлттық жобасын іске асыру мерзімі – 2024-2027 жылдар аралығы. Оған 1,5 триллион теңге жұмсалады. Оның басым бөлігі – жекеменшік қаржы. Инвесторлар тарифпен өз шығындарын қайтарады.

"Операторлар өз ақшасына орнатады. Сосын мәліметтерді өңдеу орталықтарының құрылысы кезінде жекеменшік инвесторлардың қаржысы тартылады", - дейді Қабенов.