01 қаз, 2018 сағат 08:27

Аутсорсинг пен аутстаффинг әуресі

Аутсорсинг пен аутстаффинг. Бұлардың не екенін қазақстандықтар біле бермейді. Бірақ олар біздің өмірімізге етене еніп алған екен. Жуырда Мәжіліс депутаты Айқын Қоңыровтың Премьер-Министр Бақытжан Сағынтаевтың атына жолдаған сауалынан соны білдік. Бұлар жалдамалы жұмысқа алудың әдістері көрінеді.

Бұл сөздердің екеуінде де «аут» деген сөз бар. Ал ауттың «сыртта», «ойыннан тыс» деген мағына беретінін білеміз. Демек осындай әдістермен жұмысқа тұратындар Қазақстан Республикасының еңбек шарты мен әлеуметтік кепілдіктерін көздейтін заңдарынан тыс болғандықтан, оларды қолдана алмайды деген сөз.

Депутаттың айтуына қарағанда, біздің еңбек саласын бақылайтын ведомствомыз өзін өзі қамтамасыз ететіндер 2011 жылдан бері 600 мыңға азайды, ал жалдамалылардың саны 1 млн. 100-ға артты деп қуана жар салған екен. Қуанатын себебі – жалдамалы жұмыскерлер табысын жасыра алмайды, мемлекетке салықты уақтылы төлеп тұрады. Бірақ аз уақытта мұншалық көп адамның ауысуының қандай сыры бар дегенге ешкім мән бермепті. Сөйтсек, өзін өзі қамтитын жұрт негізінен ауылшаруашылығында азайып, 2011 жылдан бері 1 миллионнан артық адамға қысқарыпты. Бұл - шағын жері, аздаған малы, шағын кәсібі бар, қолы қысқалау фермерлер азайып, үлкендерге сіңіп кеткен деген сөз. Бұл да жақсы емес, өйткені мұндайда ауылшаруашылығы өнімінде бәсекелестік болмайды. Халық корпорациялардың өнімін ғана алуға мәжбүр болады. Ал азуын айға білеген Америка секілді елдер керісінше шағын фермерлерді қолдайды.     

Ал енді осы ауылшаруашылығынан кеткен адамдар қайда кірді десек, олар аутсорсинг және аутстаффинг әдістерімен жұмыстарға жалданады екен. Осы әдістермен уақытша ғана жалданып, жоғарыда аталған заңмен бекітілген кепілдіктерге қол жеткізе алмайтындар осындайлар. Бұларды жалдау бизнеске тиімді, өйткені сыйақы бермейді, еңбек демалысын сұратпайды, ауырып қалса төлемақы төлемейді және т.т. Бизнес тіпті өзінің тұрақты жұмыс істейтін персоналының біразын осы әдіспен жалдауға шығара бастапты.

Депутат А.Қоңыров осы мәселені көтеріп, аталмыш әдістермен жалданатындардың әлеуметтік кепілдіктері мен еңбек шартындағы құқыларын қорғауға назар аударып отыр. Жоғарыда аталған сауалында А.Қоңыров өзі бастаған Мәжілістегі Халықтық компартия фракциясының мүшелерін тегіс қол қойдырып, Премьер-Министрден осы адамдарды есепке алуды және олардың құқын қорғауды талап еткен. 

 С.ЕЛЕУ, сарапшы