Фото:championat.com
Қазақстандық Елена Рыбакина әлемнің 1-ракеткасы польшалық Ига Швентекті ұтып, спорттық мансабында алғаш рет Australian Open турнирінің ширек финалына шықты, - деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Матч бір жарым сағатқа созылды. Ойын алдында букмекерлік кеңселер Швентек жеңіске жетеді деп болжаған еді.
23 жастағы қазақстандық әлемдік рейтингтің 21 жастағы көшбасшысын бір жарым сағатта 6:4, 6:4 есебімен жеңді. Елена 6 эйс жасап, 6 брейк-пойнттың төртеуін мүлт жіберген жоқ. Ал қарсыласы 2 эйс, 2 брейкпен көзге түсті.
Әлемнің 22-ракетасы (Рыбакина) матчтан соң "Қиын ойын болды, Иганы қатты құрметтеймін, оның соққылары мықты. Ал мен қиын сәттерде жақсы ойнадым деп ойлаймын. Бұл - үлкен жеңіс" деді.
Енді турнирдің жартылай финалына шығу үшін қазақстандық теннисші латвиялық Елена Остапенкомен ойнайды. Матч 24 қаңтарға жоспарланған.
Айта кетейік, Рыбакина былтыр Лондонда өткен Wimbledon жарысында жеңімпаз атанған. Ол - Grand Slam жарыстарында жекелей сында жеңіске жеткен алғашқы қазақстандық теннисші.
Швентекпен өткен матчтан соң Елена "[Wimbledon жарысындағы] жеңістен кейін Қазақстан көп қолдау алды, көп адам мені қолдап, жарыстарымды көре бастады. Жеңістен соң [Қазақстанға] барғандағы қолдау керемет болды. Мені қолдайтын барлық жанкүйерге алғыс айтамын" деді.