27 қаң, 2022 сағат 10:07

Australian Open: Анна Данилина жұптық сында финалға шықты


Қазақстанның жұптық сындағы бірінші ракеткасы Анна Данилина Аустралия ашық чемпионатының финалына шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

А.Данилина бразилиялық Беатрис Хаддад Майямен бірге жартылай финалда жарыстың 2-ракеткалары, жапониялықтар Сюко Аояма – Ена Шибахарамен шеберлік байқасты.

Жуырда Сидней WTA турнирінде Анна мен Беатрис қарсыластарын тізе бүктірген болатын.

Бұл жолы бірінші партияда қазақстандық-бразилиялық жұп басым түсті – 6:4. Екіншісінде жапониялықтар есе қайырды – 7:5.

Үшінші, шешуші сетте Анна мен Беатрис қайтадан таразы басын өздеріне аударды – 6:4.

Қазақстандық-бразилиялық жұп 2 сағат 20 минутқа созылған тартысты бәсекеде 2 эйс жасап, 9 брейк-пойнттың төртеуін пайдаланды. Қарсыластары 1 эйс, 3 брейкпен (11 брейк-пойнт) шектелді.

Осылайша Анна Данилина өз спорттық жолында алғаш рет «Үлкен дулыға» турнирінің финалына шықты.

Анна мен Беатрис финалда доданың 1-ракеткалары, чехиялықтар Барбора Крейчикова – Катерина Синякова немесе ресейлік Вероника Кудерметова – бельгиялық Элиза Мертенс жұптарының қай жеңгенімен бас жүлдені сарапқа салады.