Атырау облысы әкімі Нұрлан Асқарұлы Ноғаевтың,
Атырау қаласы әкімі Алимұхаммед Құттұмұратұлының
назарына!
Ult.kz порталының редакциясына Атырау қаласының тұрғыны, көп балалы ана Абуова Майра Хамитқызы хабарласып, арыз-шағымын айтты. Үй-күйсіз, жұмыссыз тіршілік кешіп жүрген 7 балалы ана амалы таусылғандықтан, Елбасының атына хат жазуды сұрайды. "Алтын алқалы" ананың жалғыз арман-тілегі - баспана мұқтаждығының ауыр азабынан айығу.
«Атырау қаласында тұрамын. Көп жылдан бері үй кезегінде, жер кезегінде тұрмын. Үй кезегінде былтыр 3608-ші болып тұр екенмін. Ал, жер кезегінде 2014 жылы 385-ші болып тіркелген едім, 2017-ге дейін 382-ге үш орын ғана жылжыпты. Одан кейін әлсін-әлсін қарай беруге үмітім үзілгендей болды. Жасымыз болса 50-ге келіп қалды. Кезегіміз енді 10 жылдан кейін келе ме, келмей ме, Құдай білсін. 7 баланың анасымын. «Күміс алқа» мен «Алтын алқа» иелерінің қатарынанмын. Ең кішкентайым 3-ке толады. 7 жастағы баламның құлағы естімейді. Инвалид. Мүгедек балаларға арналған мектепке барады. Өзіміз пәтер жалдап тұрамыз. Ай сайын 50 мың теңге төлейміз. «Пәтер» деп әспеттеп айтқанмен, қуықтай бөлме. Пәтерақысын төлей алмай жүргенімізге екі ай болды. Иелері «шығыңдар» деп қуып жатыр. Күйеуім де, өзім де жұмыста жоқпыз», дейді Майра.
2016 жылы Атырау қаласы әкімі Шапкенов Серік Жамбылұлының атына арыз жазып, қызының сырқатына байланысты жәрдем сұраған екен. Әйткенмен, «ешқандай басым құқықтың жоқтығын» алға тартқан әкімшілік қызметкерлері, өтінішті қанағаттандырмаған екен.
Өткен жылы «Нұр отанға» барып, жағдайын айтып, көмек сұрапты. Алайда ол жақтағылар «үй ең бірінші Отан соғысы ардегерлері мен жетім балаларға беріледі. Содан кейінгі кезек – сіздердікі» деп жылы шығарып салған. «Әкімшілікке кірудің машақаты көп. Қабылдауға жетудің өзі мұң» дейді ана.
«Нұротандықтар» арызданушы ананың қызының мүгедектігін де елеп-ескермей, есіктен ерте қайтарыпты. Мәселені шешуге қол ұшын берудің орнына: «16 жасқа толғаннан кейін өзі кезекке тұрады, содан кейін барып үй алу мүмкіндігі қарастырылады» деп, жеті жасар баласының ертерек есюін көксегендей кейіп танытыпты.
Енді қайда барып көмек сұрарын білмеген ана, Елбасына хат жазғысы келеді.
«Басқа сенерім қалмады. Атыраудағы әкім-қараларды халықтың жағдайы алаңдатпаса, Мемлекет басшысын хабардар қылудан басқа амалым жоқ. Мүмкін бір қайыры болып қалар. Ешкімнің есігін қақпай-ақ, өз күнімізді өзіміз көрейік деп жан бағып жүрсек те, тіршілік тауқыметі қысып барады. Кешегі бес баланың қазасы қабырғамызды қайыстырып, түнімен ұйықтай алмай-ақ қойдым. Өз баламыздай балалардың қыршынынан қиылғаны, жүректі ауыртты. Кіп-кішкентай бүлдіршіндердің ауыр қазасын енді ешкімнің басына бермесін» деп, ағынан жарылды «Алтын алқалы» ана.
«Жұмыссыз» деген анықтама алайын десе жауапты мекемедегілер «мүгедек балаңды бағып отырғаның үшін 24 мың теңге алып отырсың» деп ол «справкасын» да бермей қойыпты.
«Үкіметтің көп балалы аналарға беретін 16 мың теңгесі мен мүгедек балама берілетін жәрдемақы жыртығымызға да жамау болмайды. Ешкімді күстаналағым келмейді. Десек те, көп балалы аналарға, мүмкіндігі шектеулі балаларға мемлекеттің қамқорлығы керек-ақ», дейді Майра Хамитқызы.
6 ақпан күні Астана, Алматы қалаларында бір топ ана әкімшілік ғимаратының алдына барып, өз талаптарын жеткізген болатын. Кешелі-бері әлеуметтік желілерде жұртшылықтың баспана жағдайы мен балаларға төленетін жәрдемақы мәселесін көтеруі атыраулық көп балалы ананы да бей-жай қалдырмаса керек.
«Бүгін Атырау қаласында «митинг» болса, көшеге шығып, бізді алаңдатқан мәселелерді ел алдында айтқым келіп еді» дейді ол.
Аталған мәселені Атырау облысы әкімдігі, Атырау қаласы басшылығы өз назарына алып, көп балалы ананың мұң-мұқтажын шешуге қол ұшын созады деп сенеміз.
Абуова Майра Хамитқызының байланыс номері: 87027287282
Ұлт порталы
Көпшілік оқырманға дәлелді болуы үшін негізгі құжаттарды жария етіп отырмыз: