Бүгін Үкімет отырысында Премьер-Министр Бақытжан Сағынтаев Атырау облысының әкімі Нұрлан Ноғаевқа өңірдегі балабақша құрылыстары барысын жеке бақылауға алуды тапсырды, - деп хабарлайды Ұлт.кз тілшісі ҚазАқпарат агенттігіне сілтеме жасап.
«2004 жылдан бері сізде бірде-бір балабақша берілмепті, бұған қоса, 2 мектептің құрылысы аяқталмаған. Неге?», - деп сұрады Үкімет басшысы Н.Ноғаевтан.
Бұл ретте облыс басшысы Атырау өңірінде 3 проблемалы мәселе бар екендігін мойындады. «Оның бірі «Нұрсая» шағынауданындағы мектеп. Біз оны келесі жылы пайдалануға береміз. 2014 жылдан бері келе жатқан екінші мәселе - бұл жұмыстардың сапасыз жүргізілуіне байланысты балабақшалардың пайдалануға берілмеуі. Біз бұл нысанды да таяу уақытта беруді жоспарлап отырмыз. Сонымен қатар Мақат ауданындағы мектеп құрылысын да осы жылы аяқтаймыз. Тұрғын үй құрылысы бойынша инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылым жүргізілді. Барлық қаржы игерілді», - деді Н.Ноғаев.
Мұнан бөлек, ол қазіргі уақытта облыста 44 көпқабатты және 15 бір қабатты тұрғын үйдің құрылысы жоспарға сәйкес жүргізіліп жатқанын айтты.
Осы ретте Б.Сағынтаев облыс әкіміне бұл мәселелерді шешуді әрі өңірдегі балабақшалар құрылысын өз бақылауына алуды қатаң тапсырды.
«Бір балабақшаның құрылысы үш жыл бойы неліктен аяқталмай отыр? Неге бақылау жоқ. Сізге осыған назар аударуыңызды өтінемін», - деді Үкімет басшысы.