10 нау, 2026 сағат 11:32

Атырауда жоғалған отбасы: тағы екі адамның мәйіті табылды

Фото: ашық дереккөз

Атырау қаласының маңындағы Геолог шағын ауданында бұған дейін жоғалып кеткен Жангелдин ауылының тұрғындары – Наурыз бен Мирамгүлдің мәйіттері табылды, деп хабарлайды Ult.kz "Ақ Жайық" басылымына сілтеме жасап.

Алдын ала мәліметке сәйкес, олардың денелері бұрын күдікті Сұлтан Сәрсемәлиев жұбайы Ақбаянмен бірге жалдап тұрған үйдің ауласынан табылған.

Кеше Сұлтан Сәрсемәлиев пен оның жұбайы Ақбаян Алматы қаласына жеткізілген. Алматыда күдікті Наурыз бен Мирамгүлді өлтіргенін мойындап, олардың денесін бұрын жалдап тұрған үйдің ауласына көміп тастағанын айтқан.

Осы ақпараттан кейін Атыраудағы тергеушілер көрсетілген мекенжайда қайтадан іздестіру жұмыстарын жүргізіп, нәтижесінде сол жерден екі адамның мәйіті табылған.

Еске салайық, жоғалған тұрғындарды іздеу жұмыстары өткен жылдың желтоқсан айынан бері жүргізіліп келген. Іздеуге полиция қызметкерлері мен Ұлттық ұлан сарбаздары жұмылдырылып, арнайы жылжымалы штаб құрылған. Үй аумағы мен оған іргелес жерлер арнайы техникалардың, соның ішінде георадарлардың көмегімен тексерілгенімен, алғашқы іздестіру шаралары нәтиже бермеген еді.