Атырауда радикал діни топтың мүшелері мектеп оқушыларымен неке қиып алған да, көп ұзамай талақ айтып, тастап кеткен, - деп хабаралйды atr.kz.
Басылымның жазуынша, 1978 жылы туған атыраулық өзінің 16 жастағы қызын отыздан асқан ер адамға тұрмысқа берген. Қазір қыз бала осының салдарынан кешкі мектепте оқуға мәжбүр екен. Бұған бей-жай қарай алмаған көршілері құқық қорғау органдарына да хабарласқанымен, бұдан еш нәтиже шықпаған көрінеді.
Сонымен қатар, Алматы қаласының 30 жастағы тұрғыны "ВКонтакте" желісі арқылы 9-сынып оқушысымен танысып, оның дінге қызығушылығын өз мақсатында пайдаланған. Біраз уақыт өткен соң ер адам Атырауға барып, кәмелетке толмаған қызбен некелескен. Алайда бұл жайттан қыздың ата-анасы бейхабар болған. Осыдан кейін қыз бала мектепке шығып кетіп отырғанымен сабаққа қатыспаған. Оқушы қыз бұл кезде қонақүйге барып, алматылық ер адаммен уақытын өткізіп жүрген екен. Бірнеше күннен кейін мұғалімдер қыздың сабаққа келмей жүргенін айтқан кезде бұл жайттың беті ашылған. Дегенмен ер адам шу шыға салысымен, "талақ" айтып, Алматыға кетіп қалған.
Бұл жайттың үлкен дауға ұласып кетуінен қорыққан ата-анасы қылмыстық іс қозғаудан бас тартқан. Бұл оқиғалардың қашан болғанын басылым атамады.
Бұл жағдайларға байланысты Атырау облысы Дін істері басқармасының басшысы Қайролла Көшқалиев пікір білдірген.
"Бұл жерде "қыз өз еркімен күйеуге тиді" деген ақпараттар да тарап жатыр. Шындығында, олай емес. Себебі, салафизм ағымының ұстанушылары қызды кішкентайынан "16 жаста күйеуге шығатын кез" деп тәрбиелейді. Сосын "әкеге қарсы шығуға болмайды" деген көзқарасы қалыптасқан қыз бала "келіспеу күнә екен" деген оймен басын иіп кете барады. Ал, екінші жағдайға қатысты айтар болсақ, мұнда оқушы қыз өзінен 14 жас үлкен жігіттің ойыншығына айналып отыр. Бұл жағдайға қатысты мектеп оқушысымен психологтар және "Шапағат" орталығының теологтары жұмыс жасады. Нәтижесінде екінші оқиға кейіпкері көзқарасын өзгертіп, Ханафи мәзхабын қабылдады. Бұл жағдайға қыз балалардың жеке трагедиясы деп қарауға болмайды. Себебі, адасушылықтың соңы отбасы құндылықтарының әбден күйреуіне апаратынын көрсетті. Деструктивті көзқарастағы адамдар ұят, ар, баласына деген әкелік махаббат сияқты сезімдерден де ада келеді", - деп түсіндірді ол.