11 қыр, 2019 сағат 17:11

Атырауда Фариза Оңғарсынованың 80 жылдығы аталып өтуде

Атырауда ақын Фариза Оңғарсынованың 80 жылдығына арналған «Патша – сөздің Фаризасы» атты республикалық апталық өтіп жатыр, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Шара ақынның ескерткішіне гүл шоқтарын қоюдан басталып, Х. Досмұхамедов атындағы Атырау Мемлекеттік университетінде жалғасын тапты. «Ар мен ақын» деректі фильмінің тұсауы сонда кесіліп, «Жыр – менің жалғыз тарланым» аудиодискісі таныстырылды. Ақынның өзі оқыған өлеңдер жазылған аудиодискіні белгілі жазушы Әнес Сарай мен Атырау Мемлекеттік университетінің профессоры Қадыр Өтегенұлы жалпақ жұртқа ұсынды.

Апталық аясында «Патша – сөздің Фаризасы» атты ғылыми-практикалық конференция да ұйымдастырылды. Оған облыс әкімінің орынбасары Айгүл Әжіғалиева қатысып, шараның үлкен маңызын атап өтті.

«Фариза Оңғарсынова – Атырау жерінде туған. Қазіргі Х. Досмұхамедов атындағы Атырау Мемлекеттік университетінің алғашқы қарлығаштарының бірі. Ол сөз өнерінің қас шебері, асқан дарын иесі. Оның шығармашылығының мәні мен ерекшеліктерін толық ашу - қиынның қиыны. Оның туындылары – қазақтың ақын қыздары шығармашылығының биігі. Ақынның өлеңдері – мәңгілік», - деді А. Әжіғалиева.