Атырау облысында жатыр мойны обырына шалдыққан 560 әйел есепте тұр. Былтыр аталған аурудың салдарынан 24 әйел қайтыс болған, деп хабарлайды Kazinform.
Атырау облыстық онкология диспансерінің онко-гинекологы Жадыра Құдабаеваның айтуынша, биыл 6 айда жатыр мойны сырқатына 56 әйел шалдыққан.
«Жатыр мойны обырынан сақтанудың негізгі жолы – адам папиллома вирусына қарсы екпе алу. Дүниежүзілік ғалымдардың зерттеуіне сүйенсек, қатерлі ісікті тудырушы вирус адам паппиломасы екені дәлелденген. Осыған байланысты Атырау облысында 2012-2013 жылдары бұл екпе пилоттық жоба ретінде іске асырылды. Сол кезде екпе алған азаматшалардан аталған аурудың белгілері анықталмады. Сондықтан биыл вакцинаны қайта егу жоспарға енгізілді. Екпе салу оқушы қыздарға ата-анасының рұқсатымен ғана жүргізіледі», - деп хабарлады Жадыра Құдабаева.
Еске сала кетелік, бұған дейін Атырау облысында 7 айда 72 адамнан қатерлі өкпе обыры табылған.