Фото: Elordainfo.kz
Атырау облыстық ауруханасында алғаш рет мозаикалық хондропластика отасы сәтті жасалды. Бұл — тізе буынының ауыр жарақаттары мен шеміршек зақымдарын қалпына келтірудің тиімді әдістерінің бірі, деп хабарлайды Ult.kz.
Мұндай жоғары технологиялы ота кезінде дәрігерлер науқастың өз денесінен арнайы цилиндр тәрізді шеміршек және сүйек тіндерін алып, зақымданған аймаққа дәл орналастырады. Нәтижесінде буынның табиғи құрылымы мозаика іспетті қалпына келтіріліп, қозғалыс функциясы сақталады.
Бұл — жоғары дәлдікті және кәсіби шеберлікті талап ететін күрделі процедура. Атыраулық травматолог-ортопедтер бұл отаны сәтті өткізіп, өңір медицинасының дамуында маңызды қадам жасады.
Мұндай жетістік тек бір науқастың ғана емес, бүкіл аймақ тұрғындарының игілігіне айналмақ. Енді күрделі ота үшін алыс өңірлерге немесе елордаға жол тартудың қажеті жоқ — жоғары технологиялы медициналық көмек Атыраудың өзінде қолжетімді бола бастады.