18 қыр, 2025 сағат 13:18

Атаулы әлеуметтік көмек жасанды интеллект арқылы тағайындалмақ

Фото: Gov.kz

ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі атаулы әлеуметтік көмекті (АӘК) проактивті түрде тағайындау кезінде жасанды интеллект (ЖИ) технологияларын пайдалануды жоспарлап отыр, деп хабарлайды Ult.kz.

Бұл бастама Мемлекет басшысының 2025 жылғы 8 қыркүйектегі Жолдауында айтылған «Қазақстанды үш жыл ішінде толыққанды цифрлық мемлекетке айналдыру» стратегиялық міндетімен үндес.

Министрлік әлеуметтік-еңбек саласындағы қызметтерді цифрландыруда жүйелі жұмыс жүргізіп келеді. Вице-министр Олжас Анафиннің айтуынша, қазір Random Forest Classifier моделінің көмегімен ЖИ «оқытылып» жатыр. Бұл модель түрлі факторларды біріктіре отырып, шешім қабылдаудың дәлдігін арттырады.

«Модель кешенді валидациядан өтті, дәлдік деңгейі 90%-дан асты. Бұл оның енгізуге дайын екенін көрсетеді. Осылайша, АӘК алуға құқығы бар адамдар автоматты түрде анықталатын болады», – деді вице-министр.


Алдағы уақытта технология пилоттық режимде іске қосылады. Бастапқы кезеңде ЖИ қабылдаған шешімдер ұсынымдық сипатта ғана болады. Кейін оларды ресми шешім қабылдау өлшемшарттарының бірі ретінде қолдану мүмкіндігі қарастырылады.

Жобаның екінші кезеңінде «компьютерлік көру» технологиясы қосылады. Бұл өтінімдерге тіркелген фото мен бейнематериалдарды талдауға мүмкіндік беріп, отбасының тұрмыс деңгейін неғұрлым объективті бағалауға жол ашады.

Үшінші кезеңде жүйе әр отбасыға арналған жеке жоспар әзірлеуді көздейді. Ол жоспар өңірлік және аудандық деңгейде нақты қолдау шараларын қамтып, қиын жағдайдан шығуға көмектеседі.