Фото: "Атамекен" палатасы баспасөз қызметі
«Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының төралқа төрағасы Райымбек Баталов қазақстандық компаниялардың санкцияға түсу қаупі туралы пікір білдірді, деп хабарлайды Kazinform.
«Қазақстанда жұмыс істеп жатқан компаниялардың басым бөлігі технология трансферттеу және экспорттау бағытында жұмыс істеуге дайын деп есептейміз. Бұл жерде бақылау жүйесінің айқын болғаны маңызды. Өкінішке қарай, кейбір мысалдар бар. Ағаш ұнтағынан желімделетін тақтай түрлеріне байланысты, басқа да өндіріспен байланысты мысалдар. Солар санкция талаптарын бұзса керек. Бірақ бұл мәселенің үш жағы бар. Оның ішіне мемлекет тарапынан жасалатын бақылау да жатады. Санкция талаптарын бұзғаны туралы қорытынды жасауға негіз болатын ережелер де маңызды. Сондықтан бізге бақылау жұмысын қатаңдату, бизнес пен өндірістің үлкен бөлігін осында шоғырландыру бойынша жұмыс істеу керек. Сонда бізге қарсы ешқандай уәж айтылмас еді. Әрине, импорт операциялары бар. Қытайдан алып, көрші елдерге, соның ішінде Ресей Федерациясына да экспортталуы мүмкін. Бірақ бұл жерде мәселенің екі ұшы бар. Бақылау және бизнеспен жұмыс», - деді Райымбек Баталов «Қазақстандық құрам 2.0» халықаралық форумында БАҚ өкілдеріне берген сұхбатында.
«Атамекен» басшысы отандық бизнес санкция түспеу үшін түрлі форматтағы кездесулер өткізіп, түсіндіру жұмыстары жүргізіліп жатқанын атап өтті. Оның пайымынша, кейбір компаниялар ақпараттың жоқтығынан да санкция қатеріне ұшырауы мүмкін.
«Санкцияға көбіне қырғыз компаниялары тап болды. Біздікілер де бар, бірақ аз. Санкция қаупі бар, оны жоққа шығармаймыз, ондай болады. Ұлттық палата бір жағынан, Үкімет екінші жағынан осы бағытта жұмыс істеп жатырмыз. Ондай қатерді жоюымыз керек. Бұл тұрғыда елшіліктермен де белсенді жұмыс істеп жатырмыз», - деді ұлттық палата басшысы.