Бір қарағанда бұл жігіттің жырына тән албырттық пен асау сезім аңсарын байқайсыз. Ал, тереңіне үңіліп, көңіл зердесімен көз салып қарасаңыз үлкен тағдырды көресіз. Асылы, адамды ақын ететін осы тағдыры шығар. Өмірін өлеңге байлаған Аслан жүрек түкпіріндегі жан сырын бүкпесіз жайып салады. Оның қаламы шерлі. Асланның өлеңдерін оқып отырып, жаныңызды әлдебір мазасыз мұң билеп, шеменді әуеніне қосыла ыңылдағыңыз келеді. Қарт Каспийдің жағасында өскен жастың маңдайына Тәңір өлең сыйлапты. Ендеше, оның кім екенін тағдырлы өлеңдері айтсын.
Жандарбек Жұмағұлов
МАСКҮНЕМ
Көзімдей менің
Қызарып барып жұмылатұғын
Күн бара жатыр ұйықтап.
Сезімдей керім
Сезімсіздерге ұрынатұғын
Ай нұрын шашар иіп нақ.
Ал, сосын көрер
Бір мейірімге зарыққан жанның
Түскенін ащы айдынға.
Жан досым келер
жарты байлығын жарық жалғанның
Қыздай мəпелеп қойнында.
Кіржиіп тұрып
Құяр шарабын, күмілжір бұл бір
Сөздердің айтып əрбірін.
Ыржиып күліп
Айтар мыртықтың бұлыңғыр,бұлдыр
Қызға сүйкімсіз тағдырын.
Аяп расында...
Таң атар сонсоң қимаған оны
Көзімдей менің ашылып.
Аяқ астында
Мен үшін біреу жинап алады
Ақылын жатқан шашылып.
Арнаған болып
Дінге ғұмырын жүмілə көлгір
Жынжайлақ болған жүрегі
Алладан қорық
десем. бұрылып, күмірə болғыр
Сайтан түрткендей күледі.
Ерігімді алып
Тұрса да қанша арасын бөлген
Абыл, Қабылдың мұң, күмəн,
Өмірім жарық
Кəлəм көшінде адасып өлген
Ертекші шалдың ғұмырынан!
БЕЙІТ БАСЫНДАҒЫ БӘЙІТ
Дәл осынау кезге дейін
Қалдырыппын ұмыт көп.
Әке, happy birthday to you,
Құтты болсын қырық төрт!
Келем некен-саяқ тым,ә,
Перзентіңді кеше гөр!
Ұмытыппын аятты да –
Сауабыңды еселер.
Нанға бердім кеше түгел,
Сен деп ақша жинап ем.
Тұршы, қане, есесіне –
Жыр әкелдім сыйға мен.
Қарашы, әке, көрден шығып,
Кесе ұстаған қолымды.
Анам жасын берген сығып,
Қандырсын деп шөліңді...
Намыс сорып, талмап арды,
Жүрміз, әйтеу, жан бағып.
Мен жолыңды жалғағам-ды,
Сапарларға қамданып.
Жоқ!
Мұңайма!
Қаншама әлі
Жасымақпыз, о тоба!?
Жел де бүгін ән салады
Ең көңілді нотада.
Сәруарым, ділім – бүтін,
Иесі сен бұл күннің!
Және де,әке, бүгінгі түн –
Қадір түні Рухымның.
Дәл осынау кезге дейін
Қалдырыппын ұмыт көп.
Әке, happy birthday to you,
Құтты болсын қырық төрт!
Аластау
"Жан тоңдырған ақпанның кеткен лебі, -
Күнтізбем - келді, алақай, көктем",-деді.
Қарасам Қыс-Дию тұр киіп алып
Хор қызына ұқсайтын бетпердені.
Секілді бабасынан мұра қалған,
Тіпті де кеткісі жоқ мына маңнан.
Әйтеуір, қояндарға ғана пана
Төсінің жүні ағарған.
Қарға мәз көп көрген соң өлексені,
Басқа ешкім жоқ сүйетін ерекше оны.
Қарлығаш қайтпады әлі,
Қарғалардан
мүлде оның бөлек бағы, бөлек соры.
Аяз дейтін шалдуар бұзық келіп,
Әмірін қыстың жіпке тізіп, төніп
жатқанында
Бұлт артына тығылып Күн тұр, әне,
Сығалайды әр тесіктен қызық көріп.
Дәмесі бар ұжымақ - жасыл бақтан,
Әуелі артын жаппай, басын жапқан -
Аққала-молда уағыз айтады-ай кеп,
Айтатыны - Алла емес, ашулы ақпан.
Көңілім көк мұз болып кеткен тегі,
Бір ерітсе, ерітер көктем демі.
Күнтізбем кешірмейді мұны есітсе,
Бар, бара ғой Қыс-Дию бетперделі!..
Ангедония
(Еділбек Дүйсенге)
Жанымызды жалғанның шері көмді,
Торықтық ұлағатсыз ұлылықтан.
Ей, неме, сайтанның да сырын ұққан
Сен - ақынсың!
Ұғып көр мені де енді:
Кəріптің кейпіне енген кəззаптарға
Биіктен аласарып,
Түйдек-түйдек сөздерден қала салып,
Жайып тастап көңлімді алаша ғып,
Тақымынан табылып тулақ болып,
Көкірегіме жасырып түнді ап келіп,
Үміт мұржасының төбесіне шығып ойнап
Будақ та будақ, будақ болып
Сан күдік,
Ата текті асау айғырларды əңгі ғып,
Ақ денесінде титтей мең де жоқ адалдарды зəңгі ғып;
Жырғап, толып...
Болмысымда қалмай бір сымбат, көрік;
Қуырдақ қып жүректі турап беріп
Мəңгіріп,
Бір ауыз сөзіменен аспанды да күңіренткен дуайпат күшке тағып мін,
Жалықтым.
(Шілдеде тонған күн құрсын!)
* * *
Жүрегімнен жалқы нұр көшкен еді
Аңсап өткенді...
Мен сағынып отырмын ештеңені
жəне көктемді...
Арғы жақ па?
Жо-оқ, онда басқа бəйгі
(Өртену - сезімге емес),
Мына жол - бақытқа бастамайды,
Бəрі - уақыттың көзіндегі елес...
Армандар - зулаған көлік
(Аялдап, шаттығын ұсынбады бір),
Жəйімді сұрадың не ғып,
Кірпігімнің ұшындағы іңір
білмейді төзім дегеннің
Əже шашынан да нəзік екенін;
Ол тек нəрсіз үміттің болмашы сəулесін азық етерін.
Үміт - түгесілген...
Махаббат - бұлттың артынан қарайды кекірейіп.
"Ей, талайлы Тағдырым,
шалдықпа күресіңнен!"
Өзіңе одан басқа не тілейік?!.
Асылан Қуанышұлы 1999 жылы Маңғыстау облысы, Түпқараған ауданының орталығы – Ақкетік (Форт-Шевченко) қаласында дүниеге келген. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті, Филология, әдебиеттану және әлем тілдері факультетінің студенті.