Семей қаласындағы қалалық мәдениет сарайында ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай «Айша Бибі» халықтық фольклорлық ансамблі ұжымының төрайымы Айман Боқбасарованың ұйымдастыруымен «Асыл аналар – ғажайып жандар» атты кеш болып өтті.
- Елбасымыз Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВТЫҢ ерен еңбегінің арқасында еңсеміз биіктеп, рухымыз шалқи түсті. Мемлекетіміз аяғын нық басты. Қазақ елін әлем тануда. Халқымыз бейбітшілікте өмір сүріп жатыр. Соның бір айғағы - іргесі 2002 жылы қаланған біздің ұжымның алты бірдей анасы 70 жасқа толып, солардың құрметіне арналған мерейтойлық кешке жиналып отырмыз, - деді сахна шымылдығы ашыларда сөз алған Айман Ибырайқызы көпшілікке бүгінгі басқосудың мақсатын таныстырып. Сол-ақ екен сахнаға кереметтей сәнді киінген, құлпырып жасарған асыл аналар бірінен соң бірі құрметті орынға жайғасты. Кешті жүргізуші Мәдениет үйінің қызметкері Әйгерім Қасымбекова арнайы келген қонақтар мен мерейтой иелерін кезегімен таныстырды. Олардың қай-қайсысы болса да үлкен құрмет пен мақтауға лайық. Мысалы, Күлән Абдолдинова – өмірін ұстаздыққа арнаған жан, ағылшын тілінің маманы. Әншілік өнерге жасынан әуес болып, облыстық, республикалық байқауларда үздік әнші атанған Күләннің немересі Зинура Ғалымқызы да Түркияда, Еуропа елдерінде, Ресейде, Қытайда ән шырқап, әже жолын ұстанып, қазақтың халық әндерін шетелге танытып жүр. Маржан Исенбаева Қазақ Ұлттық консерваториясында оқыған. Аягөз қаласы Мәдениет үйінде ұзақ жыл еңбек етіп, зейнеткерлікке шыққан. Ал Бақытжамал Балтабайқызы әнші әрі қолөнер шебері. Нұрыш Қасенқызы да есеп қызметкері болғанымен жасынан өнерге, әсіресе әнге құмар болып, ел ішінде есепші-әнші атанған жан. Кәмшат Бейсенбайқызы ұзақ жылдар Семей терікомбинатында тігінші болған. Бірақ өнер десе ішкен асын жерге қояды. Сонымен қатар, қазір осы ұжымда жастарға қолөнерден жетекшілік етеді. Бұрынғы Ақсуат ауданының тумасы Күләш Төлеубаеваның да мамандығы мұғалім. Қолөнер шебері. Неше дүркін аймақтық көрмелерге қатысып, жүлделерге ие болған. Әншілігі қызы Зереге қонған. Ол Түркияда өткен жас әншілер фестивалінің жүлдегері. Ал кіші ұлы Әли – қолөнер шебері. Таныстырудан соң, құттықтаушылар сөз алды. Семей қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Берік Көпбаев мерейтой иелерін құттықтап, алғыс хат тапсырды.
Аймақтық халықаралық қазақ тілі қоғамының вице-президенті Орал Шәріпбаев, «Невада-Семей» қозғалысының вице-президенті Сұлтан Картоев, Өскемен қалалық достық үйінің директоры Элдар Төлеубеков сөз алып, асыл аналдарды мерейтойларымен құттықтап, гүл шоқтарын ұсынып, Алғыс хат тапсырып, сый-сияпат жасады.
Жиын соңы үлкен концертке ұласты. Өз кезегінде той иелері осынша құрмет көрсеткен мекеме басшыларына, замандас өнер иелеріне, Айман Ибырайқызына алғыстарын айтып, 100 жасқа келсек те халқымызға өнер көрсетіп, жастарға үлгі-өнеге береміз – деп, көңілді тарқасты.
Мәуітқазы Зүкенов
Семей.