Астанада ЭКСПО-2017 халықаралық көрме қарсаңында ТМД елдерінде баламасы жоқ, соңғы үлгіде салынған «Нұрлы жол» жаңа вокзалы пайдалануға беріледі, деп хабарлайды "Ұлт ақарат".
Жоба аясында Астана теміржол телімінің инфрақұрылымын дамыту мен вокзал кешені құрылысын жүргізу жұмыстары атқарылады. Астана инфрақұрылымын дамыту арқылы жүк және жолаушылар ағынын ұлғайту көзделеді.
«Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ баспасөз қызметі мәлім еткендей, қаланың ішкі теміржол нысандарын дамыту құрылысына алдыңғы қатарлы инновациялық технология пайдаланылады.
Шудан қорғайтын құрылғымен қапталған теміржол эстакадасы қаланың көлік ағынына кедергі келтірмей, жолаушыларды жаңа теміржол вокзалына жеткізеді.
Жаңа вокзал тәулігіне 35 мың жолаушыны өткізе алады. Ал, қазіргі елордададағы ескі вокзал арқылы күніне 12 мың жолаушы өтуі тиіс болса, онда іс жүзінде 18 мың жолаушыға дейін кіріп-шығады.
Жаңа возкал жобасын сараптау барысында тартылған Buro Happold (Ұлыбритания), Tabanlioglu Architects (Түркия), Jamas (Германия) халықаралық сарапшылар командасы вокзалды теміржолдың үстіне конкорс арқылы орналастыруды қолдады.
Бұл өз алдына вокзал ғимаратын жасаудағы соңғы тәсіл өзіндік ноу-хау болып табылады. «Вокзал-көпір жағалаудан біртіндеп көтеріліп, кеңістікті тиімді пайдалануды мақсат еткен.
Вокзалдың қаланың іскерлік орталығына жақын орналасуы да өте қолайлы. Ол арқылы қаладағы автокөліктің кептелісі азаяды.
Вокзал ғимаратының аумағы - 120 мың шаршы метр. Онда мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған тактилдік жолдар, Брайл әліпбиімен ақпаратты табло, арнайы касса қызмет көрсетеді.
Негізгі күту залынан бөлек әлемдік талаптарға сай қонақүйлік бөлмелер, қолайлы сақтау қоймалары, ана мен бала бөлмесі, медициналық кеңселер, фудкорттар, мейрамханалар, 1500 орындық ішкі және сыртқы паркинг қамтылған.
Ғимарат қуат үнемдегіш лифтілермен, эскалаторлармен қамтылып, жылу жүйелері қыста ауаны жылытса, жазда салқындатады.
Жаңбыр суын жинап, оны қасбетті жууға пайдаланып, жақын аумақты көгалдандыруға жұмсалады.
Жолаушылардың кезек күтіп қалмауын болдырмау үшін кезекті басқарудың заманауи қондырғысы, билетті электронды сату жүйесі, интернетке шығу мүмкіндігі жасалады.
Жолаушыларды төтенше жағдайлардан қорғау мақсатында лаңкестік оқиғалардың алдын алудың кешенді мүмкіндігі жасалады. Онымен қоса, жолаушыларды тексеріп кіргізу құрылғысы, бейнебақылау жүйесі орнатылады. Ғимараттың іші-сыртында қозғалыс тәртібі тәулік бойы бақыланады.
Сондай-ақ, жаңа вокзал ашылған кезде 1300 адам жұмыспен қамтылады.
15 мамырда жалпы құрылыс жұмыстары аяқталып, 1-маусымда вокзал кешені инфрақұрылымының инженерлік-коммуникациялық және пойыз қозғалысын интеллектуальдық басқару жүйесі, жолаушыларға қызмет көрсетуі тестілік сынақтан өткізіледі.
Айта кетейік, «Нұрлы жол» вокзалына алғашқы пойыздар 1-маусымнан кіріп, шыға бастайды.