Фото: top-news.kz
Астанада полиция қызметкерлері көпқабатты үй тұрғынын ажалдан арашалап қалды, деп хабарлайды Ult.kz Polisia.kz-ке сілтеме жасап.
Таңертең «102»
нөміріне елорданың бір тұрғын үй кешенінде қыздың биіктіктен секірмек болғаны
туралы хабарлама түскен. Қауіптің жоғары деңгейін ескерген патрульдік полиция
полкі қызметкерлері оқиға орнына дереу жетіп, жағдайды бақылауға алып,
азаматшаның өмірін сақтап қалу үшін жедел шаралар қолданған.
Алғаш болып оқиға
орнына инспекторлар Жалғасбек Әбдуалиев пен Абзал Молдашев келген. Пәтердің
есігі ашылған сәтте олар терезенің бесінші қабатындағы карнизге шығып, қатты
еңкейіп тұрған 27 жастағы қызды байқаған. Тағы бірнеше секунд кешіксе, қыз
төмен құлап кетуі мүмкін еді.
Жағдайды дұрыс
бағалаған полиция қызметкері Жалғасбек Әбдуалиев қызбен дереу психологиялық
байланыс орнатқан. Ол сабырлы үнмен сөйлеп, оның ойын басқа жаққа бұруға және
күйзелісін төмендетуге тырысқан. Қолайлы сәт туған кезде тәртіп сақшысы қызды
қауіпсіз жерге тез әрі абайлап тартқан, осылайша қайғылы жағдайдың алдын алған.
Қазір азаматшаға
психологтар көмек көрсетіп жатыр. Оқиғаның мән-жайы анықталуда.
