Фото: Ақорда
Астанада Қазақстанға ресми сапармен келген Иран Ислам Республикасының Президенті Масуд Пезешкианды қарсы алу рәсімі өтті, деп хабарлайды Ult.kz.
Ақордада Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев пен Иран Президенті екіжақты келіссөздер жүргізді.
Ресми қабылдауда Қасым-Жомарт Тоқаев Пезешкианның Қазақстанға алғаш рет ресми сапармен келуінің маңызын атап өтті.
«Аса құрметті Президент мырза, Қазақстанға қош келдіңіз! Қазақта “Көрші тату болса – құт” деген сөз бар. Қазақстан Иранды жақын әрі бауырлас көрші, Орта Шығыстағы сенімді серіктес деп біледі. Қиындықтарға қарамастан қарым-қатынасты үзген жоқпыз. Қазақ-иран байланысының тамыры тереңде жатыр. Арамызда шешілмеген мәселе жоқ, сондықтан әріптестігіміздің келешегі зор. Сауда-экономикалық байланыс та артып келеді – биылғы 10 айда көрсеткіш 40 пайызға өсті. Бұл қарқын тоқтамауы тиіс», – деді Президент Қасым-Жомарт Тоқаев.
Өз кезегінде Иран басшысы Қазақстанға сапарының символдық және стратегиялық мәні бар екенін атап өтті.
«Тарихы терең, мәдениеті бай бауырлас Қазақстанға келгеніме қуаныштымын. Көптеген бағытта ынтымақтастығымыз қарқынды дамып келеді. Саяси, экономикалық, мәдени және қауіпсіздік салаларындағы ықпалдастықтың әлеуеті өте жоғары», – деді Масуд Пезешкиан.
Сапар барысында тараптар екіжақты әріптестікті нығайту, сауда айналымын ұлғайту, өңірлік қауіпсіздік пен көлік-логистика бағыттарын дамыту мәселелерін талқылағаны хабарланды.
