14 ақп, 2017 сағат 19:48

Астанадағы кәсіпкерлер митингі: президент пен бас прокурордың көмегінен үміттіміз

Сот шешімімен "7 континент" бизнес орталығындағы коммерциялық бөлмелерінен айырылып қалған елордалық кәсіпкерлер Астана аудандарының бірінде бейбіт митингке шықты, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Sputniknews.kz сайтына сілтеме жасап.

Астанадағы Пушкин және Құдайбердіұлы көшелерінің қиылысындағы саябақта рұқсат етілген митинг өтті. Қатысушылар митинг барысында кәсіпкерлерге төнген проблемаларға  қоғам мен мемлекеттік органдардың назарын аударуға тырысқан. Бұдан біраз уақыт бұрын "7 континент" бизнес орталығындағы офис иелері өз мәселелерімен "Атамекен" ҰКП жүгініп, оның заңгерлері кәсіпкерлерді адал сатып алушы деп таныған еді. 

"Біз "7 континент" БО "Д" блогы бизнес орталығының жеке кәсіпкерлері, күн сайын мемлекеттік қазынаға ондаған миллион теңге кіріс түсіреміз. Шағын және орта бизнесті несиелендіруге тиіс банктің өзі озбырлы түрде заңды мүлкімізді тартып алуға тырысып жатқанда, қалайша экономиканың драйверлері болмақпыз?! Банкирлер президентіміздің сөзін елмейтін болып тұрғаны ғой сонда?!", — деп ашуланды шағымданушылардың бірі Мұқтар Тұлақпаев. 

Кеңсе иелерінің бірі, туристік фирма директоры, кәсіпкер Әйгерім Бижігітованың айтуынша, олар жақында қала әкімдігі, жоғарғы сот, бас прокуратураға жүгінген, бірақ одан түк шықпаған.  "Мәселен, біздің арамызда пәтерін жалға беріп, сол ақшаға күнелтетін Дина апай бар. Мүгедектігіне қарамай фитнес орталығын ашқан кісі бар. Мен өзім осы бизнес орталықта туристік фирма аштым. Жалғыз басты анамын. Ары қарай не болатынын елестетуге де қорқамын. Бірнеше жыл бойы маңдай теріммен жинап-тапқан қаражатымнан айырылдым. Енді мен не істерімді де білмеймін. Мен сияқтылар мұнда көп. Біздің сұрап отырғанымыз жалғыз нәрсе — өзімізге тиесілі мүлікті қалдыру", —  деген Бижігітова, ендігі жалғыз үміт – ел президентінде екенін қоса кетті.

Митинг кезінде қоғам қайраткері, Қазақстан блогерлері альянсының президенті Ғалым Байтук сөз сөйледі.

"Біреудің өмірін бұзатын, мәселен, кәсіпкерлердің қиналып, азап шегіп жатқанына қарап отырағаннан ләззат алатын адамдар бар. Жұмысы жүріп тұрған бизнесті жойып, Қазақстандағы іскерлік жағдайдың ілгерілеуіне кедергі келтіретін банктер де жоқ емес. Сіздер - жеке және заңға бағынатын кәсіпкерлер, "Нұрбанктің" қыспағында қалдыңыздар. Бұл жағдай шетел инвесторларын Қазақстанда бизнес жүргізуіне кері ықпалын тигізуі мүмкін. Егер шетелдік инвестор келіп бизнес ашып, оны ертең "Нұрбанк" келіп оны тартып алды делік. Сонда қалай? Бұл - әрине, нонсенс! Біз әділдік үшін күресеміз", — деп мәлім етті Байтук. 



Кәсіпкерлердің айтуынша, митинг Астанада шағын және орта бизнеске төнген проблемаларға қоғамның назарын аудару үшін ұйымдастырылып отыр. Шара кезінде кәсіпкерлер Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевқа жанайқайын жеткізгісі келді. Президенттен іске араласып, әділдік орнатуды сұрайды. Сондай-ақ олар ҚР бас прокуроры Жақып Асановқа жүгініп, сот шешіміне шағым түсіруді сұрады. 

"7 континент" БО кеңсе иелері тобының өкілі Марат Бишаровтың сөзіне қарағанда, тұрғындардың наразылық шарасына шығудан басқа амалы қалмаған, өйткені шығарылған шешімдерге көңілі толмайтынын айтады.

"Соттың "Нұрбанктің" пайдасына шешім шығаруына келіспеуден наразылық туындап отыр. Құрметті Жақып Асанов, сізден азаматтардың заңды мүддесін қорғауыңызды сұраймыз. ҚР Конституциясының 40-бабына сәйкес, Президент – Қазақстан азаматтарының құқықтары мен бостандықтары сақталатын халық бірлігінің символы мен кепілдігі. Бұл жағдайда бізге Елбасымыз көмектеседі деген жалғыз үміт бар", — деп атап өтті өзге заңгер Жанарбек Бектеміров.