АҚМОЛА ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ
СЕРГЕЙ КУЛАГИН МЫРЗАҒА!
«Софиевка – Ақмола болысы Целиноград ауданындағы ауыл, ауылдық округ орталығы.
Ауыл - аудан Аудан орталығы Ақмол ауылынан солтүстік-шығысқа қарай 63 км-дей, Астана қаласынан солтүстік-шығысқа қарай 22 км-дей жерде, Сілеті өзенінің жағалауында орналасқан.
Халқы: 2009 жылғы есеп бойынша 2,0 мың адам.
Тарихы: Іргесі 1954 жылы тың және тыңайған жерлерді игеруге байланысты қаланды. 1965 –96 жылдары астық өсіретін кеңшардың орталығы болған. Софиевкада кеңшар негізінде құрылған шаруа қожалықтары жұмыс істейді» (Уикипедия — ашық энциклопедиясынан алынған мәлімет).
Жолым түсіп Астана қаласының маңына сапарға шықтым. Алдымнан тұрғындарының басым көпшілігі (бәрі десе де болады) қазақтардан тұратын "Софиевка" деген елді мекен кездесті. Жергілікті тұрғындар «Сафинка» деп атайды екен. Сол жердегі тұрғындардан ауылыңыздың аты неге "Сафинка" деп сұрадым.
Мынау сол ауыл тұрғындарының ашына отырып берген жауабы:
Кешегі Кеңес заманында осы ауылда қолдан арақ (самогон) жасап сататын София деген кемпір тұрыпты. Сол жердегі тың игерушілер мен сол маңда тұратын өзге де тұрғындардың бәрі сол кемпірден, тіпті алыс жерлерден де келіп самогон сатып алатын болыпты. Содан сол елді мекен күні бүгінге дейін "Сафинка", сол ауылға баратын жол "Софинская трасса" деп аталып келеді екен.
Сол Софияның арағынын қаншама адам зардап шегіп жұмыстан қуылды, отбасынан ажырады, қаншама адам сол трасса да мас күйінде жол оқиғасына ұшырап, өмірлерімен қош айтысты немесе жарымжан болып қалды десеңізші.
Обалы не керек, ауыл тұрғындары бұл мәселені сан рет көтерген. Ауылдың бас көтерер, есті азаматтары талай рет БАҚ-тарда да жариялап елді мекен атауын өзгертуді өтінген. Бірақ селт еткен бір басшы болмапты.
Атам Қазақтың Ата салты, соған сәйкес Қазақстан Республикасы заң талаптары бойынша да елді мекен, даңғыл, көше атауларына халқына қалтқысыз қымет жасап, ұрпағына үлгі болған ұл-қыздарының аты беріледі.
Арақ мұсылман баласы үшін арамға саналады. Бұл Қасиетті Құран Кәрімде де айқын көрсетілген. Ал Біздің билік осы арам аспен елді былғаған кісінің атына елді мекен атауын беріп қойып үнсіз отыр.
Қасиетті Құран Кәрімнің, Атам Қазақтың Ата салтының және Қазақстан Республикасы заңдарының талаптарына сәйкес тиісті шарасын алуыңызды өтінемін!
Қожырбайұлы Мұхамбеткәрім, Маңғыстау
Ұлт порталы