12 мам, 2017 сағат 12:20

Астанада жаңа оқу жылының басталуы кейінге шегерілуі мүмкін

Елордада жаңа оқу жылының басталуын кейінге шегеру мәселесі қарастырылуда. Бұл жайында ҚР Білім және ғылым вице-министрі Эльмира Суханбердиева мәлім етті, деп хабарлайды Ұлт.кз тілшісі ҚазАқпарат агенттігіне сілтеме жасап.

«Қазіргі уақытта елорданың білім басқармасымен келесі оқу жылының басталуын кейінге шегеру мәселесі бойынша келіссөздер жүргізілуде. Әрбір қала аумақтық негізде оқу жылының басталуын өзгерту мәселесін дербес шеше алады. Білім және ғылым министрлігі бүкіл елге қатысы бар болған кезде ғана бұйрық береді», - деді ол.

Осы ретте Суханбердиева Универсиада өткізілген кезде Алматының қалалық білім басқармасы демалыс уақыты мен оқу тоқсанын кейінге шегеру туралы мәселені дербес шешкендігін атап өтті. Ал Астанадағы жаңа оқу жылының басталу мерзімінің кейінге шегерілуі ЭКСПО-2017 Халықаралық мамандандырылған көрмесінің елордада өтуімен байланысты болмақ.

«Жол-көлік желісіне жүктеме жоғары болуы мүмкін. Сондықтан елорданың білім басқармасы оқушыларға алғашқы қоңырауды әдеттегідей 1 қыркүйекте өткізіп, ал сабақты 12 қыркүйекте бастау туралы ұсыныспен шықты», - деді вице-министр.

Осы ретте ол оқу күндерінің қысқаруы білім сапасына кері әсері болмауы тиістігін баса айтты. Оның сөзіне қарағанда, оқу процесі тақырыптарын қайталау сынды мәселелер қарастырылуда. Бірақ  нақты шешім шыққан жоқ. Барлығы да келіссөздер сатысында жүргізілуде.

«Егер мектептерде 5 күндік  енгізетін болсақ, онда бастауыш сыныптарға қосымша - 5, ал жоғары сыныптарға қосымша 8 күн керек болады», - деді Суханбердиева.