28 ақп, 2018 сағат 09:20

Астанада тұрақты түрде 1 млн 200 мың адам тұрып жатыр – Исекешов

Елордада қазіргі таңда 1 млн 200 мың адам тұрақты түрде тұрып жатыр. Бұл туралы халыққа есеп беру кездесуінде Астана қаласының әкімі Әсет Исекешев айтты, деп хабарлайды «ҚазАқпарат».

Халыққа есеп беру кездесуінде шаһар басшысы елорданың әлеуметтік-экономикалық дамуының 2017 жылғы қорытындыларымен таныстырды. Шараға ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Асқар Мамин қатысуда.

«Астана тез дамып келе жатқан қала. Адам саны өсуде. 1 млн 30 мыңнан астам адам тұрады. Өткен жылы тағы 233 мың адам уақытшаға тіркелді. Демек, қалада тұрақты түрде 1 млн 200 мың адам тұрып жатыр. Бұл сан жыл сайын өсуде. Сондықтан, әлі де болса шешілмей жатқан мәселелер бар. Дегенмен, өткен жылы барлық әлеуметтік-экономикалық индикаторларға қол жеткізілді. Бұған ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесі зор әсерін тигізді», - дейді әкім.

Әсет Исекешевтің айтуынша, жаңа темір жол вокзалының, әуежайдың, жаңа кәріз жүйесінің салынуы елорданың дамуына әсерін тигізген. Көрме өткен кезінде Астанаға 5 млн адам келіп, 47 мейрамхана, 36 отель ашылған.

«Соңғы 10 жылда қала тұрғындарының саны 400 мыңға өскен. Салыстырып көрсек, халықтың осынша саны Павлодардың немесе Өскеменнің тұрғындарымен бірдей. Осының бәрі де бізге дамудың даңғыл жолын табуды талап етеді», - деді қала әкімі.