19 сәу, 2017 сағат 10:17

Астанада су тасқыны қаупі толық бақылауда - Әсет Исекешев

Астана қаласының әкімі Әсет Исекешев Фейсбуктағы парақшасында су тасқыны қаупі толық бақылауда екендігін мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Шаһар басшысы қала әкімдігінде ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі Су ресурстары комитеті өкілдерінің, Сәтпаев атындағы қалалық канал басшылығы және басқа да арнайы қызмет өкілдерінің қатысуымен баспасөз маслихаты өткенін еске салып өтті.  Шара барысында мамандар Астана су қоймасында қалыптасқан жағдайды көпшілікке түсіндіріп өтті.

«13-15 сәуір күндері толассыз жауған жаңбырға байланысты Есіл өзеніне 340 млн. текше метр көлемде су қосылды. Қазгидромет орталығының мамандары 100-160 млн. текше метр көлемінде су келеді деп болжаған еді. Алайда күннің күрт жылынуына байланысты қардың еруі де жылдамдап кетті. Осы себепті тасқын су қоры күткен көлемнен мол болды», - деді ҚР АШМ Су ресурстары комитетінің төрағасы Ислам Әбіш.

Оның айтуынша, қазіргі сәтте мамандардың күш салуының арқасында 340 млн. текше метр судың 90 млн. текше метрі Астана су қоймасына бұрылды. Қалған 250 млн. текше метр су контр реттеушіге бағытталды.

«17 сәуірде сағат 11-ден бастап 1 200 текше метрге дейін су келді. Бұл өте жоғары деңгей. Кейін ағыс қарқыны 1 044 текше метрге түсті.  Қазір Астана су қоймасына келіп жатқан судың көлемі секундына 150-200 текше метрді құрап отыр. Осы орайда оның барлығын су қоймасында сақтап қалу мүмкіндігіміз бар. Астана су қоймасының сыйымдылығы 410 млн. текше метр болса,  онда қазір 385 миллион текше метр су толтырылған, яғни тағы 25 млн. текше метр жинай аламыз.

Осы сәтте жағдай бақылауда, Астанаға жақын маңдағы елді мекендерді су басу қаупі жоқ», - деп мәлімдейді И. Әбіш.

Қазіргі таңда Астанада су тасқынына қарсы жедел штаб жұмыс істеп жатыр. Олар атқарылатын жұмыстардың кешенді жоспарын жүзеге асыруда.