8-9 қазан күндері «Қуатты аймақ – қуатты Қазақстан» акциясының аясында, Ел Тәуелсіздігінің 25-жылдығына орай Астана қаласында Шығыс Қазақстан облысының күндері өтеді. Елордалықтар мен қала қонақтарының назарына ұсынылған көрмелер, спектакльдер, концерттер мен ауылшаруашылық өнімдерінің жәрмеңкесі Кенді Алтайдың егемендік алған жылдарда экономикалық және мәдениет салаларында қол жеткен жетістіктерін паш етеді.
Мерекелік бағдарламалардың шымылдығы Ұлттық мұражайында қойылған шығысқазақстандық суретшілердің «Уақыт портретіне штрихтер» көрмесі және «Үлкен жолдың кезеңдері» фотоэкспозициясы, «Тәуелсіздіктің жарқын жетістіктері: Шығыс Қазақстан» атты кітап көрмесімен түріледі.
Театр өнерінің жанкүйерлері Абай атындағы театрдың «Дядюшкин сон» және облыстық драма театрдың «Жұлдызды сәт» қойылымдарын тамашалайды. Осы күні «барыс» хоккей клубының белді ойыншысы, шығысқазақстандық Талғат Жайлауов «Қазақстан» спорт сарайында балғындар үшін шеберлік сыныптарын ұйымдастырады.
«Көрме» көрме орталығында екі күн қатарынан Шығыс Қазақстан облысының жетістіктері мен өнімдерінің «Бейбітшілік пен жасампаздықтың 25 жылы» атты кең ауқымды экспозициясы қыза түседі. Аймақтың тарихи және мәдени ерекшеліктерінен сыр шерткен көрмеде қонақтар сонымен қатар өңірде шығарылатын өнеркәсіптік және ауылшаруашылық өнімдерімен, облыстың туристік кластерінің даму бағытымен және қолға алынған инновациялық жобалармен таныса алады.
8-9 қазанда «Хан шатыр» сауда орталығының алдындағы алаңда ұйымдастырылған «Қазақстанда жасалған» ауылшаруашылық жәрмеңкесінде шығысқазақстандық фермерлер өздерінің шаруашылық қожалықтарында өндірген экологиялық таза, сапасы жоғары өнімдерін ұсынады. Астаналықтар мен қала қонақтары үшін 42 тонна жылқы еті, 8 тонна құс еті, 10 тонна сүт өнімдері мен өсімдік майы, 7 тонна колбаса өнімдері мен консервілер, 11 тонна балық, 30 тонна бал, 6 тонна қымыз бен крупалар, 55 тонна бақша өнімдері, 107 тонна көкөністер мен 8 тонна картоп жеткізіледі. Осындай берекелі күздің бай өнімдерімен қоса бұғы өнімдері мен қарағай жаңғақтары да бар.
Әміре Қашаубаев атындағы облыстық мемлекеттік филармонияның екі күнге созылатын концерті көрермендерге көтеріңкі көңіл-күй мен тамаша демалыс сыйламақ.
Айна Ескенқызы