24 сәу, 2025 сағат 10:20

Астанада республикалық «Ұлттық кітап» байқауының жеңімпаздары анықталды

Фото: ҚР МАМ

23 сәуірде Астанадағы Бейбітшілік және келісім сарайында Ұлттық кітап күніне арналған салтанатты жиын өтті, деп хабарлайды Ult.kz.

Іс-шараға ҚР Парламент Мәжілісінің төрағасы Ерлан Қошанов, Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева, танымал ақын-жазушылар, Мемлекеттік сыйлық иегерлері, ҚР Парламентінің депутаттары, мемлекет және қоғам қайраткерлері, баспас саласының өкілдері, облыстық кітапханалардың басшылары және шығармашылық зиялы қауым қатысты.

«Сан ғасырлар өтсе де, кітаптың адамзат үшін маңызы өзгерген жоқ. Бүгінде кітап – зияткер ұлт пен саналы қоғам қалыптастырудың негізгі құралына айналды. Қазіргі таңда қолданып жүрген барлық технология, медицина, өнер бәрі де кітап оқу арқылы дамыған. Сондықтан Мемлекет басшысы айтқандай, кітап ұлттың рухани құндылығына айналуы тиіс. Ұлттық кітап күнін атап өтудің басты мақсаты – осы», - деді Ерлан Қошанов құттықтау сөзінде.


Фото: ҚР МАМ

Салтанатты іс-шара аясында Мәдениет және ақпарат министрлігі жариялаған «Ұлттық кітап» республикалық байқауының жеңімпаздарын марапаттау рәсімі өтті.

Байқауға кейінгі екі жылда жарық көрген отандық авторлардың туындылары ұсынылып, 9 номинация жеңімпаздары мен «Жыл кітабы» анықталды.

Байқауға 120-дан астам өтінім түскен. Әр номинация бойынша жеңімпаздар ақшалай сыйлықтармен марапатталды.

Іс-шара барысында сирек кітаптар мен қолжазбалар, Жеңістің 80 жылдығына арналған әдебиеттер, сондай-ақ 2024 жылы мемлекеттік тапсырыспен жарық көрген 200-ге жуық кітап пен суреттердің көрмесі ұсынылды.

Фото: ҚР МАМ