Фото: Getty Images
Астанада Дженнифер Лопестің концертіне 15 мыңға жуық турист келіп, 400 миллион теңгеден астам салық түседі деп болжануда. Америкадан келген әйгілі әнші және актриса Дженнифер Лопес 1 тамызда елордадағы «Астана Арена» стадионында жеке концертін өткізеді. Бұл туралы Ult.kz хабарлады.
Шараны ұйымдастырып отырған «Астана Концерт» компаниясының продюсері Малик Хасенов бұл оқиғаны Астананың мәдени өміріндегі айтулы оқиға ретінде бағалады. Оның айтуынша, шоу коммерциялық форматта өтеді және бұл елордаға әлемдік деңгейдегі өнерпаздардың тұрақты келуіне жол ашпақ.
«Шараға 15 мыңнан астам турист келеді деп күтілуде. Бұл ел экономикасына елеулі әсер етеді. HoReCa секторы шамамен 6,5 миллиард теңге пайда табады, ал салық түсімі 400 миллион теңгеден асады», – деді Хасенов.
Ұйымдастырушылардың пікірінше, осындай кең ауқымды мәдени іс-шаралар Астананың туристік және мәдени тартымдылығын арттырып, оны халықаралық деңгейдегі мәдени орталыққа айналдыруға сеп болады.
Премьер-министр Олжас Бектенов Қазақстанда туризмді дамытудың әлеуеті зор екенін атап өтіп, бұл бағытта мемлекет тарапынан толық қолдау көрсетілетінін жеткізді.
«Қазақстанда туризмнің даму мүмкіндігі өте жоғары. Соңғы бес жылда туристер саны 7,5 есеге артты. Былтыр елімізге 15 миллионнан астам адам келді», – деді Үкімет басшысы.
Оның айтуынша, алдағы уақытта Қазақстан ірі халықаралық іс-шаралар тұрақты өтетін мемлекет ретінде танылуы тиіс. Бұл бағытта Үкімет жан-жақты қолдау көрсетуге әзір.
