Астанада бауыр трансплантациясын күтіп жатқан 32 жастағы Гүлдана Құрманғалиеваның еміне жиналған қаржы қолды болды. Ұры ақша салынған жәшікті алып кеткен сәт видеоға түсіп қалған. Бұл туралы науқас қыздың құрбысы Алина Семізбаева хабарлады, деп жазады Sputnik Қазақстан.
"11 тамызда қайырымдылық концерті ұйымдастырылды. Бұл концерттің мақсаты менің құрбым Гүлдана Құрманғалиеваның еміне ақша жинау болатын. Ол бауыр ауыстыру операциясын күтіп жатыр. Операция Дели қаласында ақылы негізде жасалады деп жоспарланып отыр. Соған қаржы жинау мақсатында Астана қаласындағы Burger Shop мейрамханасына жәшік орнатылды. Пластмассадан жасалған жәшік ештеңеге бекітілмеген еді. Мекеме әкімшілігі қайырымдылық концертінен кейін жәшікті тағы бір апта қалдыруды сұрады. Содан бір аптадан кейін алып кететін болып келіскен едік. Алайда кеше аталған жәшікті ұрлап кеткені жөнінде хабар алдық. Ұры мейрамханада ешкім болмаған сәтті пайдаланған. Оның ішінде қанша қаржы болғанын біз білмейміз", — дейді науқас қыздың құрбысы.
Алина Семізбаева атап өткендей, жәшікті белгісіз ер адам алып кеткені видекамераға түсіп қалған.
14 там, 2018 сағат 11:11