06 нау, 2019 сағат 13:10

Астанада "Мың алғыс" қайырымдылық концертті өтті

«Қазақстан» РТРК АҚ құрамына кіретін «QAZAQ RADIOLARY» ЖШС Қазақстан халқы Ассамблеясымен бірлесіп «Мың алғыс» қайырымдылық концертін өткізді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" компанияның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

«Шараның мақсаты - «Қазақ радиосының» «Мың алғыс» әлеуметтік радиохабарына қатысқан көмекке зәру, сырқатқа шалдыққан кейіпкерлердің мұң-мұқтажын көппен бірге көтеріп, қаржылай жәрдем көрсету. Осыған орай, «Қазақ радиолары» серіктестігі 11 ақпаннан бастап «Қайырымдылықтан қалыс қалма! Алғысқа бөлен!» радиомарафонын жариялаған болатын. Қайырымдылық шарасынан түскен қаражат «Мың алғыс» хабарының үш кейіпкері - Жансая Пішенбаев, Жандос Берікұлы, Толғанай Бауыржанқызының ем-домына табысталады. Осы игі шараның бастауында тұрған  «QAZAQ RADIOLARY»  ұжымы ізгі амалды әуелі өздерінен бастап, бір күндік жалақыларын кейіпкерлеріміздің еміне аударды. Сонымен қатар, Алматыда ақпан айының 23 күні Құрманғазы атындағы Қазақ Мемлекеттік академиялық оркестрінің концерт залында қайырымдылық кешін ұйымдастырды. Одан түскен 1,5 млн теңге көлеміндегі қаражат «Мың алғыс» хабарының кейіпкері Болат Тұңғатарұлына табысталды» делінген хабарламада.

«Алғыс айту» күніне орай өткен концерттік кештегі жәшіктерден жиналған қаражат тоқішек трансплантациясын күтіп жүрген Әділет Арыстан деген бүлдіршінге берілмек. Кеш соңында «Уақып» корпоративтік қорының президенті Қайрат Әзімов Әділеттің операциясына жетпей тұрған 2.5 млн теңгені өз мойнына алатынын айтты. Былтырғы «Мың алғыстың» кейіпкері болған Арман Ардақұлы есімді бүлдіршінге қажетті ота шығынын дінтанушы-ғалым Қайрат Жолдыбайұлы көтеріп алған болатын.

«Қайырымдылық кеш аясында көмекке мұқтаж көпбалалы аналарға 3 пәтердің кілті табысталды. Бұлар - «1000 теңгеге баспана» ұранымен көпбалалы жалғызбасты аналарға үй тұрғызып берумен айналысып жүрген «Харекет» қайырымдылық қорының 76,77,78-ші баспанасы.  Бұдан бөлек, екі бөлмелі пәтердің кілтін «Асыл адам» қайырымдылық қоры табыстады. Пәтер кілті «Өзгелерге көмектесу арқылы өзіңе көмектес» акциясы бойынша мың теңгемен қайырымдылық жасаған жалғызбасты ананың қызы Марина Максименкоға бұйырды. 2017 жылдың сәуір айында «Жан жылуы» деген атпен эфирге шыққан «Мың алғыс» радиохабары арқылы кейіпкерлерге осы уақытқа дейін 56 000 000 теңге көлемінде көмек көрсетілді» деп мәлім етті радионың баспасөз қызметінен.

Жақсылықтың жаршысы болу мұқтаж жандарға көмекпен ғана өлшенбейді. Бір-бірінен көз жазып қалған, жақындарын жоғалтқандарды да табыстау - ұлт радиосының парызы іспетті. Осы мақсатта 2017 жылдың қазан айынан бері талмай қызмет етіп келе жатқан «Бармысың, бауырым?» радиохабары эфирге 70 хабар шығарып, 703 хат-хабар алып, 90 адамды анықтап, бір-бірімен табыстырып үлгерді. Кеш барысында 40 жыл  бір-бірін көрмеген әскердегі достар, 50 жыл көріспеген ана мен бала, 15 жыл бойы ұрпағын іздеп жүрген қария ет жақындарымен қауышты.