03 қаз, 2025 сағат 16:03

Астанада мұнай өңдеу саласын дамыту тұжырымдамасы таныстырылды

Фото: ҚР ЭМ

Kazakhstan Energy Week-2025 аясында Астанада Қазақстанның 2025–2040 жылдарға арналған мұнай өңдеу саласын дамыту тұжырымдамасы таныстырылды, деп хабарлайды Ult.kz.

Құжат Үкімет қаулысымен бекітіліп, оны Энергетика министрлігі Мұнайды тасымалдау және өңдеу департаменті директорының орынбасары Талғат Макуов таныстырды.

Жаңа стратегиялық құжат 15 жылға арналған мұнай өңдеу және мұнай-химия саласының негізгі бағыттарын айқындайды. Ол елдің энергетикалық қауіпсіздігін нығайтып, экономикалық тұрақтылықты арттыруды көздейді.

Талғат Макуовтың айтуынша, Қазақстанда мұнай-газ химиясы екі бағытта дамуда:

  • мұнай химиясы – бензол, параксилол өндірісінен бастап органикалық қосылыстарға дейінгі терең қайта өңдеуді қамтиды;

  • газ химиясы – KPI жобасы арқылы полипропилен, сондай-ақ полиэтилен мен бутадиен өндірісін дамыту.

Алдағы уақытта қолданыстағы зауыттарды кеңейтіп, жоғары технологиялы интеграцияланған кешендер салу жоспарланған. Мұндай зауыттар жаңа мұнай-химия кластерлерінің өзегіне айналып, инвесторлар үшін тартымды активтерге жол ашады.

Тұжырымдама «Стратегия-2050», ұлттық даму жоспары және көміртектік бейтараптық стратегиясына сүйеніп жасалған. Жоспарланған инвестиция көлемі – 15–19 млрд АҚШ доллары, бұл мұнай өңдеу қуатын жылына 18 млн тоннадан 39 млн тоннаға дейін жеткізуге мүмкіндік береді.

Басты мақсат – мұнай өндіру мен өңдеу арақатынасын қазіргі 5:1 деңгейінен 2,5:1 деңгейіне дейін жақсарту. Сонымен қатар құжат экологиялық стандарттарды күшейтіп, зиянды қалдықтарды азайтуға басымдық береді.

Тұжырымдаманы жүзеге асыру нәтижесінде ішкі нарық сапалы мұнай өнімдерімен қамтылып, экспорттық әлеует артады, жаңа жұмыс орындары ашылып, Қазақстанның инвестициялық тартымдылығы жоғарылай түспек.