20 жел, 2024 сағат 18:35

Астанада ЛРТ қашан іске қосылады? Әкім Қасымбек айтып берді

Фото: Orda.kz

Жеңіс Қасымбектің айтуынша, алғашқы пойыздар 2025 жылдың жазының соңында немесе күздің басында іске қосылады. Қазіргі уақытта ЛРТ құрылысы аяқталып жатыр, деп хабарлайды Ult.kz ORDA телеграм арнасына сілтеме жасап.

Алайда жолақы бағасы әлі есептелмеген.

«Біз эстакада бойынша барлық құрылыс жұмыстарын аяқтадық. ЛРТ-ның барлық инфрақұрылымы жазға дейін дайын болады. Қазір рельстерді төсеу жұмыстары жүргізіліп жатыр, көктемде сигнализация орнату басталады. Алғашқы пойыздар келесі жылдың тамыз-қыркүйек айларында қатынай бастайды. Күзде 15 құрам жеткізіледі деп жоспарлап отырмыз. Техникалық қозғалыс келесі жылдың соңында ашылады, ал толық іске қосу 2026 жылдың басында болады», — деді әкім.


Бұрын жолаушылар ағыны тәулігіне 20 мың адам болады деп жоспарланған, бірақ Жеңіс Қасымбек бұл көрсеткіштің артуы мүмкін екенін айтты.

«Сондықтан жолақы құнын қайта есептеу қажет болады. Қазір нақты бағаны айта алмаймын, бірақ бұл қоғамдық көлік екенін және бағаларды барлық тұрғындарға қолжетімді деңгейде ұстап тұруға тырысатынымызды айта аламын. Баға қолайлы және ақылға қонымды болады», — деп қосты әкім.


Сондай-ақ, Қасымбек елордадағы көлік кептелісі мәселесін де қозғады. Астанада көпірлер санын көбейту жоспарланып отыр. Әкімнің пікірінше, бұл кептелісті азайтуға мүмкіндік береді.