Астанада аналар жиналып, өздерінің билікке талаптарын қойды. Олармен кездесуге билік тарапынан Астана қаласы әкімінің орынбасары Ермек Аманшаев шықты.
Ақпанның 6-сы күнгі жиын "Астана" концерт залында өтті. Жиналған адамдар кезек-кезегімен өз талаптарын білдірген. Олардың кейбірі өздерін көпбалалы ана ретінде таныстырған. Арасында өздерін "Алтын алқа", "Күміс алқа" иесі екенін айтқандар бар. Шығып сөйлегендердің кейбірі мүгедек балалары бар екенін айтқан.
Жиналған адамдар негізінен баспана жағдайы мен балаларға төленетін жәрдемақы мәселесін қозғаған."Бұл жердегі біздің барлығымызға ортақ мәселе – баспана. Әрқайсымыз бірнеше бала өсіріп отырған анамыз, бізге үй берілсін!" деді сөйлегендердің бірі.
Жиында сөз алған Шолпан Қырғызбайқызы Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа аналардың атынан жазылған хатты оқыды. Онда биліктен Қазақстанда әрбір балаға мың айлық есептік көрсеткіш көлемінде бір жолғы әлеуметтік көмек, бала кәмелет жасына жеткенше ең төменгі күнкөріс минимумы көлемінде, ал кішкентай баламен отырған анаға ең төменгі еңбекақы көлемінде жәрдемақы төленсін деген талаптар айтылған. Үш баласы бар отбасыларды баспанамен қамтамасыз етуді, ал төрт және одан көп баласы бар отбасыларға тегін баспана беруді талап еткен.Өздері қойған талаптың қарастырылуына жеті күн мұрсат беретінін айтқан.
Астана әкімінің орынбасары Ермек Аманшаев жиында айтылған мәселелердің "заң жүзінде қарастырылатынын" айтқан.
Жиынға келгендердің бірі өз талаптары орындалғанша ұдайы осылай жиналып тұратынын айтқан.
Алматыда да аналар өз мәселесін көтеріп қала әкімдігіне барған. Әкімдік ғимаратына келген бірнеше адамды шенеуніктер ішке кіргізгенімен журналистердің кіруіне рұқсат етпеген.
Азаттық тілшісінің оқиға орнынан хабарлауынша, шенеуніктер ішке кіргізіп алғандардың арасында бұған дейін Астанада бес баланың ажалына себеп болған жеке үйдегі өрттен кейін әлеуметтік желіде ана мен баланы қорғау туралы акция өткізу туралы бастама көтерген белсенділер де болған.
Аналар Шымкент қаласы әкімдігіне де барғанымен, әкімдік рұқсат етсе де ішке кірмей жарты сағаттай сыртта тұрып тарап кеткен. Мұнда қала әкімдігін полицейлер күзетіп тұр. Олардың арасында азаматтық киімде жүргендер де бар. Күзетіп тұрғандар әкімдік ғимаратына жақын келген қарапайым азаматтарды тексеріп, қандай мәселемен жүргенін сұрастырып жатыр. Әкімдік алдындағы Түркістан сарайы жанында бір топ қауіпсіздік күштері мінген автобус тұр. Полицейлердің айтуынша, әкімдік аумағында арнайы рейд жүргізіліп жатыр. Алайда бұл шараның қандай мақсатта жүргізіліп жатқаны айтылмайды
4 ақпанға қараған түні Астананың Көктал-1 шағын ауданында жеке үйдің ауласындағы уақытша баспана өртеніп, бір отбасындағы 2006, 2008, 2013, 2015 және 2018 жылы туған бес қыз бала опат болған. Қаза болған балалар 5 ақпанда жерленді. Жергілікті биліктің дерегінше, өрт балалардың ата-анасы жұмыста болған кезде болған. Отбасы көп балалы шаңырақ ретінде тіркеуде тұрған.