Елордадағы Тәуелсіздік сарайында «Қазіргі заманғы сөз энергиясы» атты халықаралық әдеби форум жұмысын бастады. Шараның ашылу рәсіміне ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы қатысып, сөз сөйледі, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
«Қазақ әдебиетінің бүгінгі қал-ахуалы баршамызды алаңдататыны даусыз. «Ел әдебиетін қайтсек әлемге танытамыз?» деген мәселе баршамызға ортақ. Ендеше түрлі мемлекет өкілдерімен мәдени және әдеби байланыс орнату мақсатында өткізіліп отырған бүгінгі шараның орны ерекше. Тарихқа көз жүгіртсек, мұндай ауқымды шара елімізде соңғы рет 1973 жылы өткен. Араға жарты ғасырға жуық уақыт салып ел ордасы - Астана форумы қонақтарына құшағын айқара ашып отыр», - деп атап өтті министр.
Осы ретте ол Елбасы Н.Назарбаевтың «Рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы аясында өтіп отырған форумға Еуразия құрлығының белді қаламгерлері шақырылғанын баса айтты.
«Өз кезегінде жаңа замандағы әлем әдебиетінің көрнекті өкілдерін ел ордасы - Астанада қарсы алу ұлтымыз үшін үлкен абырой және зор жауапкершілік! Осы ретте, Мемлекет басшысының «Әлем бізді қара алтынмен немесе сыртқы саясаттағы ірі бастамаларымызбен ғана емес, мәдени жетістіктерімізбен де тануы керек» деген қанатты сөзін тағы бір еске алуды жөн көріп отырмын. Бүгінгі шара, мәдениетіміз бен әдебиетімізді әлем жұртшылығына таныстыру үшін берілген бірден-бір мүмкіндік», - деді министр.
Осы орайда Арыстанбек Мұхамедиұлы Мәдениет және спорт министрлігінің атынан және өз атынан форумның өтуіне атсалысқан, еліміздегі ең алғашқы және ең ірі шығармашылық бірлестіктердің бірі - Жазушылар одағына үлкен ризашылын білдірді. Сонымен қатар форумға қатысушыларға және оның жұмысына сәттілік тіледі.