Астанада үстіне қақпа құлап кеткен бала жансақтау бөлімінде жатыр. Бұл туралы елорда әкімінің баспасөз хатшысы Элвира Жүргенбаева мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«10 ақпан күні Астана қаласы әкімдігінің № 2 қалалық балалар ауруханасына жедел жәрдем бригадасымен ес түссіз, өте ауыр жағдайда 2009 жылы туған бала жеткізілді. Балаға шұғыл түрде ота жасалды», - деді Элвира Жүргенбаева.
Оның айтуынша, бала жансақтау бөлімінде жатыр, халі өзгеріссіз - өте ауыр.
«Оған емдеу шаралары толық көлемде жүргізілуде», - дейді ол.
Айта кетейік, 9 жастағы ұл балалардың хоккей командасының мүшесі. Жаттығудан үзіліс кезінде балалардың бір бөлігі футбол ойнай бастаған. Сол кезде жас хоккейшінің үстіне қақпа құлап кеткен.