05 мау, 2018 сағат 15:25

Астанада екі жасар бала менингококк инфекциясын жұқтырды деген күдікпен ауруханаға жатқызылды

Астанада екі жасар бала менингококк инфекциясын жұқтырды деген күдікпен жансақтау бөліміне жатқызылды. Бұл мәліметті Астана қалалық Қоғамдық денсаулық сақтау департаментінің басшысы Нұрқан Сәдуақасов растады, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.

"Ұл бала, 2 жыл 1 айлық, менингококк инфекциясын жұқтырды деген күдікпен ауруханаға түсті. Сараптама нәтижелерін күтіп отырмыз. Денесінде бөртпелер жоқ, бірақ жансақтау бөлімінде жатыр", - деді Сәдуақасов.

Сондай-ақ, ол баланың ұзақ уақыт бойы Ақмола облысы Аршалын ауданындағы ауылда тұрғанын айтып өтті.

"Ол тек ата-анасымен байланыста болды. Қазір барлығын тексеріп жатырмыз", - деді Қоғамдық денсаулық сақтау департаментінің басшысы Нұрқан Сәдуақасов.

Айта кетейік, жыл басынан бері елімізде 13 адам менингококк инфекциясынан қайтыс болды.

Мұның алдында денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов менингококк инфекциясына байланысты карантин жарияланбайтынын айтқан еді.