Астанадағы кофехананың есігін қасақана бүлдірген курьер құрықталды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Polisia.kz Telegram-арнасына сілтеме жасап.
Бұзақы жеткізілген тапсырысты қабылдамағаны үшін кофехананың әйнек есігін бірнеше рет тепкілеп, айтарлықтай зақым келтіріп кеткен.
Осы дерек бойынша учаскелік полиция инспекторлары масаң күйде болған 23 жастағы елорда тұрғынын анықтаған.
Бұзақының өрескел әрекеті бейнебақылау камераларына түсіп қалды.
Оған қатысты ӘҚБтК-нің 147-1 бабы 1-бөлігімен әкімшілік жауапкершілік қарастырылып, жиналған материал шешім қабылдау үшін әкімшілік құқық бұзушылық істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотына жолданған.
Алкогольдік ішімдіктерді ішкені немесе мас күйінде қоғамдық орындарға шыққаны үшін құқық бұзушыға ӘҚБтК-нің 440-бабымен хаттама толтырылған.