Енді Елорда картасында Мәңілік Ел көшесі, Ұлы Дала даңғылы, тіпті Никола Тесла атындағы көше пайда болады. Кейбір көшелер біріктіріліп, жобалық атаумен аталған көшелерге жаңа атаулар беріледі.
Астана мәслихатының депутаттары ономастикалық комиссия ұсынған жаңа көше атауларын қабылдады, деп жазады "Вечерняя Астана" газеті.
"Алматы" ауданында Хусейн бен Талал көшесі пайда болады, ол бұрын 23-17 жобалық атауымен аталып жүрген еді. Сонымен қатар, Кенен Әзербаев көшесі (бұрынғы 23-31), Темірбек Жүргенов көшесі (бұрынғы А19) пайда болады. Ал, бұрынғы Хусейн бен Талал көшесі енді Ұлы Дала даңғылы деп аталады. Сонымен бірге, Иван Панфилов атындағы көше Сәкен Жүнісов көшесі болып өзгертіліп, Бейімбет Майлин көшесі мен А193 көшесі біріктіріледі.
Еңбекшілер көшесін нөмірі 36-шы көшемен біріктіріп, Әлихан Бөкейханов даңғылы деген атау беріледі. "Сарыарқа" ауданындағы тура солай аталатын көшеге Әзербайжан Мәмбетовтың есімі беріледі. "Есіл" ауданында бұрын жобалық атаулармен ғана аталып жүрген 10 көшеге жаңа атау берілетін болады.
Сондай көшелердің бірі Е10 бұдан былай Орынбор деп аталады. Сонымен қатар, мұнда Нияз би, Нұрпейіс Байғанин, Сұлтанбек Қожанов, Қайым Мұхамедханов, Никола Тесла, Рабиға Есімжанова, Саттар Ерубаев, Ханшайым Сүнбике және Бұқар жырау атты көшелер пайда болады. Бұл бұл шешім әділет органдарында тіркелгеннен соң 10 күнтізбелік күн ішінде күшіне енеді.