27 мау, 2018 сағат 14:47

Астана перзентханасында көз жұмған 2 әйелге қатысты жайттар белгілі болды

Астанада №1 перинаталдық орталықта босанған екі әйелдің қайтыс болуы оқиғасының мән-жайы жария етілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Астана қаласы қоғамдық денсаулық сақтау басшысы орынбасарының міндетін атқарушы Сәуле Мұқышеваның сөзіне қарағанда, екі жыл бойы №1 перинаталдық орталықта ана өлімі тіркелмеген. Сонымен қатар, осы орталықтың мамандары жоғары біліктілікті дәрігерлер.

«Жедел ем-дом шараларын көрсету кезінде Астана аумағындағы республикалық мекемелердің барлық мамандары шақыртылды. Оларға реанимацияның ең жаңа әдістері қолданылды. Кеше Астана қаласы әкімінің орынбасары Ермек Аманшаевтың, басқарма басшысының қатысуымен кезектен тыс штаб өткізілді. Қазіргі кезде қызметтік тексеру жүріп жатыр. Астана қаласы қоғамдық денсаулық сақтау басқармасымен комиссия құрылды», - деді Сәуле Мұқышева.

Оның сөзіне қарағанда, басқармада алдын ала қызметтік тексеру мен республикалық комиссияның тексеруі шараларын күтіп отыр. Олар екі оқиға бойынша барлық мәліметтерді тыңғылықты қарап шығады.

«Республикалық комиссия нәтижесі бойынша қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы ұйымдастырушылық әрі басқарушылық шараларды қабылдайды. Гестологиялық зерттеулер дайын емес. Олар тек 10 күннен кейін әзір болады», - деп түсіндірді ол.

Сонымен қатар, басқарма басшылығының мәліметінше, дүниеге келген балалардың қазіргі жағдайы ауыр болса да, тұрақты. «Олар жансақтау бөлімінде білікті мамандардың бақылауында жатыр», - деп нақтылады ол.

Дәрегерлердің айтуынша, 34 жастағы босанған бірінші әйел 21 маусымда таңғы сағат 5-те, ал екіншісі (31 жаста) 25 маусымда сағат 4 кезінде көз жұмды.

«Бірінші жағдайда келіншек баланы өзі босанды, ал екінші жағдайда кесарь тілігі жасалды. Екеуі де осыған дейін босанған әйелдер. Сонымен қатар олардың жүктілікке байланысты емес аурулары болған», - деді Сәуле Мұқышева.

Бұдан бұрын хабарланғандай, Астанада №1 перинаталдық орталықта босанған екі әйел қайтыс болды.