Қазақстандық Зарина Дияс Astana Open WTA 250 турнирінің ширек финалына шыға алмады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Дүниежүзілік рейтингте 109-орында тұрған Дияс екінші айналымда әлемнің 86-ыншы, осы жарыстың 6-ракеткасы, швециялық Ребекка Петерсонмен кортқа шықты.
Сағат жарымнан астам уақытқа созылған кездесу барысында швециялық теннисшінің басымдылығы айқын байқалып тұрды. Екі сетте де алға кеткен ол 6:2, 6:2 есебімен жеңіске жетті.
Петерсон 1 эйс жасап, 12 брейк-пойнттың тең жартысын пайдаланды. Дияс 6 брейк-пойнттың екеуін ғана өз есебіне жаза алды.
Петерсон жартылай финалға шығу үшін әлемнің 80- ракеткасы, ресейлік Анастасия Потаповамен таласады. Ол тартысты бәсекеде франциялық Кристина Младеновичті 1:6, 6:4, 6:3 есебімен тізе бүктірді.
Осылайша жүлде қоры 235 мың АҚШ долларынан асатын Астана додасында жекелей сында Қазақстаннан Юлия Путинцева ғана қалды.