20 қыр, 2021 сағат 20:25

Astana Open: Тимофей Скатов тәжірибелі теннисшіні жеңіп, екінші айналымға шықты


Әлемнің 280-ракеткасы, 20 жастағы қазақстандық теннисші Тимофей Скатов Astana Open ATP 250 турнирінің екінші айналымына шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Жуырда Қазақстанның абсолютті чемпионы атанып, осы жарысқа шақырту алған Скатов алғашқы айналымда әлемнің 87-ракеткасы, 37 жастағы италиялық Андреас Сеппимен шеберлік байқасты.

Бір қызығы, Сеппи 2002 жылы кәсіпқой спорттағы жолын бастаған кезде Скатов 1 жаста еді.

Тәжірибелі теннисші бірінші партияда 3:0 есебімен алға кеткенімен, Тимофей қарымта қайтарып, таразы басын теңестірді. Тай-брейкте қазақстандық спортшы сәтті ойнады – 7:6 (7:3).

Екінші сетте Скатов 3:0 есебімен алға шыққанымен, Сеппи алысқа ұзатпай, қатарынан бес гейм алды – 5:3. Ақыры ол өз мүмкіндігін мүлт жіберген жоқ – 6:4.

Үшінші, шешуші партияда қазақстандық теннисші 5:0 есебімен алға кетті. Содан кейін матчқа доп бергенде, қателеспеді – 6:1.

Тартысты өткен бәсеке 2 сағат 56 минутқа созылды. 

Матч барысында Скатов 2 эйс жасап, 7 брейк-пойнттың төртеуін пайдалана білді. Қарсыласы 6 эйс, 3 брейкке (10 брейк-пойнт) қол жеткізді.

Скатов екінші айналымда әлемнің 52-ракеткасы, Беларусь өкілі Илья Ивашка немесе рейтингте 169-сатыдағы швециялық Элиас Имердің біреуімен шеберлік байқасады.

Тағы бір қазақстандық Денис Евсеев іріктеу сайыстарының финалында аустралиялық Марк Полмансқа 4:6, 2:6 есебімен есе жіберіп, негізгі жарысқа шыға алмай қалды.