Қазақстандық, әлемнің 188-ракеткасы Дмитрий Попко Astana Open ATP 250 турнирінің негізгі кезеңіне өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Қазақстандық теннисші іріктеу сайыстарының финалында дүниежүзілік рейтингте 243-орында тұрған тәжірибелі аустралиялық, 33 жастағы Мэттью Эбденмен күш сынасты.
Бірінші партияда аустралиялық теннисші басымдылық көрсетті – 6:3.
Екінші және үшінші сетте Д.Попко өз шеберлігін таныта білді – 6:3, 6:4.
2 сағат 4 минутқа созылған тартысты бәсеке барысында қазақстандық спортшы 5 эйс жасап, 15 брейк-пойнттың үшеуін ғана пайдаланды. Қарсыласы 3 эйс, 2 брейктен аса алмады.
Осылайша Д.Попко Astana Open ATP 250 жарысында өнер көрсететін қазақстандықтар Александр Бублик, Михаил Кукушкин және Тимофей Скатовтың қатарына қосылды. Сондай-ақ негізгі кезеңге өтуден Денис Евсеев те үмітті. Ол үшін бүгін іріктеу сайыстарының финалында аустралиялық Марк Полмансты ұтуы керек.
Т.Скатов бүгін тағы бір тісқаққан ойыншы, италиялық Андеас Сеппимен кортқа шығады.