Қазақстанның бірінші, әлемнің 34-ракеткасы Александр Бублик Astana Open ATP 250 турнирінің жартылай финалына шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Осы жарыстың екінші ракеткасы А.Бублик ширек финалда дүниежүзілік рейтингте 117-орында тұрған испаниялық Карлос Табернермен күш сынасты.
Бірінші партия барысында брейк жасаған қазақстандық теннисші сол басымдылығын сақтап қалды - 6:3.
Екінші сетте есеп 3:3 болған мезетте Бублик тағы да брейкке қол жеткізіп, матчты жеңіспен түйіндеді - 6:4.
Сағат жарымға жуық уақытқа созылған бәсеке Бублик 17 эйс жасаса, қарсыласы төртеуден аса алған жоқ.
А.Бублик финалға шығу үшін әлемнің 82-ракеткасы, оңтүстіккореялық Квон Сун Вумен таласады. Ол ширек финалда әлемнің 49-ыншы, доданың 7-ракеткасы, сербиялық Ласло Дьерені 7:6 (7:4), 2:6, 6:0 есебімен ұтты.