19 мам, 2021 сағат 00:21

«Астана» мен «Қайрат» қарсыластарын ірі есеппен жеңді


Футболдан Премьер-лига командалары арасындағы ел біріншілігінің он екінші турындағы алғашқы ойын күні аяқталды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Бұдан бұрын Оралдың «Ақжайығы» Түркістанда «Тұранды» 2:0 есебімен жеңгенін хабарлаған едік. 

Екінші кездесуде Алматыда «Қайрат» «Ақтөбені» 4:2 есебімен тізе бүктірді. Ойын барысында алматылық клуб сапынан Артур Шушеначев 7, 36, Хосе Канте 50, Небойша Косович 86-минуттарда гол соқса, оған «Ақтөбе» құрамынан Дидар Жалмұқан 41, Эрвейн Мукам 53-минуттарда екі голмен жауап қайырды. Осылайша «Қайрат» үш ойынға созылған сәтсіздік сериясын тоқтатты. 

Елордалық «Астана» Қызылордада «Қайсарды» 5:2 есебімен ойсырата жеңді. Кездесуде елордалық командадан Марин Томасов 31, 61, Вараздат Ароян 36, Макс Эбонг 46, Роман Муртазаев 47-минуттарда мергендік танытты. Ал алаң иелері қатарынан Егор Потапов 43, Стефан Денкович 87-минуттарда гол соқты. 

Әзірге турнир кестесінде «Астана» 32 ұпаймен көш бастап тұр. Одан кейінгі орындардағы «Тобылдың» 22, «Ақжайығы» 21 ұпайы бар. 

Енді 15 мамырда 18.00-де «Каспий» (Ақтау) мен «Шахтер» (Қарағанды), «Тараз» бен «Жетісу» (Талдықорған) командалары жасыл алаңға шығады. Аталған турды 20.00-де «Атырау» мен «Ордабасы», «Тобыл» (Қостанай) мен «Қызылжар» (Петропавл) кездесулері түйіндейді.